Киелі мекенге қамқорлық – ортақ жауапкершілік
Қарағанды өңірінде тарихи мұраға құрмет пен экологиялық мәдениетті ұштастырған ауқымды бастама жүзеге асуда. AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалы мен Жастар рухы жастар қанатының ұйымдастыруымен «Киелі мекен» – «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең көлемді тазалық және абаттандыру жұмыстары өтті.
Апталық барысында тарихи-мәдени ескерткіштер мен табиғи аумақтарды тазартуға басымдық беріліп, ұлттық парктер мен киелі орындар қамтылды. Атап айтқанда, Қарқаралы ұлттық паркі, Көкшетау ұлттық паркі, Баянауыл ұлттық паркі және Ұлытау тарихи-мәдени кешені аумақтарында тазалық жұмыстары жүргізіліп, 12 тоннадан астам қоқыс жиналды.
Акцияның негізгі мақсаты – тарихи орындарды сақтау, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың туған жерге деген жанашырлығын арттыру. Іс-шараларға «Жас Сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері, еріктілер, жергілікті тұрғындар мен жастар белсенді қатысты.
Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс ауданындағы Жеңіс саябағында және Әлиханов көшесі бойындағы «Мәңгілік алау» мемориалы маңында да тазалық акциясы ұйымдастырылып, тарихи орындар абаттандырылды. Бұл бастама Жеңіс күні қарсаңында өтіп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталды.
«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков акцияның қоғам үшін маңызын ерекше атап өтті.
— «Киелі мекен» жобасы – тек тазалық шарасы ғана емес, бұл – ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыратын маңызды бастама. Әрбір азамат өз айналасының тазалығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Тазалық – мәдениеттің көрінісі. Осындай акциялар арқылы біз жастарды еңбекқорлыққа, табиғатты аялауға тәрбиелейміз, — деді ол.
Жоба аясындағы жұмыстар тарихи-мәдени мұраны сақтауға ғана емес, сонымен қатар ұлттық бірегейлікті нығайтуға, қоғамда бірлік пен жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етуде. Бұл бастама партияның «Бірге халықпен» қағидатын нақты іспен дәлелдеп, ел дамуына үлес қосуға бағытталған.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

