Әкесі — орыс, анасы — кәріс, өзі — қазақ

Қарағанды облысының Саран қаласында домбырамен ән шырқап көпшілікті тәнті етіп жүрген өзге ұлт өкілі тұрады. Әкесі орыс, анасы кәріс болса да, өзін қазақ деп білетін азамат мұсылмандықты қабылдап, қазақ мектебінде оқушыларды еңбекке баулып жүр.

Сәкен Сейфуллиннің «Сарыарқа» әнін Виталий түгілі, қазақтар арасында білетіндер аз. Бірақ сары қазақ қара домбыраны бауырына басып қоңыр әнді күмбірлеткенде, еріксіз тамсанасың. Бойында орыстың қаны болса да, жаны қазақ деп соққан жігіт ағасы қазақ аспабының құдіретін жақсы біледі.

— Домбырамен сырласамын. Білмеймін, ішкі жан дүниемді осыған салып отырамын. Араласатын сияқтымын осы домбырамен. Қысылған кезде денемді босатып отырады, қуанған кезде қоштап тұратын сияқты. Қолыма домбыраны өз балдызым ұстатқан. Сол домбырамен өлең айтатын. Соған қызығып біз де қолымызға ұстай бастадық. Туған жерім қазақ ауылы болған соң, атқа міну, жүген мен қамшы өру қызық болатын, — дейді ол.

Саран қаласының Абай атындағы мектебінде қызмет ететін Виталийдің шеберханасында Саран қаласының мешіті, Мәдениет үйі сынды нысандардың макеті бар. Оны да оқушыларымен бірге жасаған. Он саусағынан өнер тамған азамат қазақтың қобызын, оюы мен текеметін тап-тұйнақтай етіп өз қолымен жасап, жинап қойған.

— Сабақта көңіл-күйі жаман болса, өзі әндетіп жүреді. Бірде 6-сыныпта менің көңілкүйім болмаған кезде, домбырасын алып «Адай», «Балбырауын», «Еркесылқым» деген күйлерді шертіп үйреткен. Мен ұстазымды ерекше мақтан тұтамын, — дейді Артём Ким есімді оқушы.

Виталий Фаликтің перзенттері қазақ мектебінде оқиды. Отбасындағылар қазақтың салт-дәстүрі мен жөн-жоралғысын берік ұстанады екен. Болашақта балаларымен бірге Абайдың алып мүсінін жасап шығаруды арман етіп отыр.

Расул МҰХАММЕД, «QH»