Кешіккен көмек: Салғырттықтың құны 3 миллион теңгеге бағаланды

Қарағандыда медициналық саладағы салғырттық үшін ірі көлемде өтемақы өндірілді. Саран қаласында инфаркт белгілері байқалған кеншінің дер кезінде медициналық көмек ала алмауы қайғылы жағдайға әкеліп, сот шешімімен жедел жәрдем станциясы кінәлі деп танылды. Нәтижесінде мекеме 3 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

 

Оқиға екі жыл бұрын Саран қаласында тіркелген. Олег Тишков 19 сағат бойы кеуде тұсындағы ауырсыну мен күйдіру сезіміне шағымданып, түні бойы ұйықтай алмаған. Жедел жәрдем бригадасы келгенімен, жасалған тексерулер кезінде инфаркт белгілері дер кезінде анықталмаған. Дәрігерлер жағдайды асқазан ауруымен байланыстырып, ауырсынуды басатын екпе жасап, науқасты үйінде қалдырған. Сондай-ақ учаскелік дәрігерді шақыруға кеңес берген.

Алайда жағдай ушығып, уақыт жоғалған. Екінші жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін науқас көз жұмған. Марқұмның жұбайы Лариса Тишкова дәрігерлердің әрекетсіздігін ауыр сынап, оқиғаның жауапсыздық салдарынан болғанын айтты.

– Тіпті келуге де ерініп, телефон соқты. Мен: «Қазір тым кеш» дедім. Ол: «Пациентке не болды?» дейді. Мен: «Ол қайтыс болды» дедім. Сонда ол: «Жақсы, келесі жолы мұндай жағдай болса, жедел жәрдем шақырыңыздар» деді. Сонда мен: «Біз жедел жәрдем шақырдық қой, енді не істеуіміз керек еді?» деп жауап бердім, – дейді Лариса Тишкова.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің тексерісі барысында жедел жәрдем станциясы мен аурухана тарапынан бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Нәтижесінде бірнеше медицина қызметкері тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Лариса Тишкова жедел жәрдем мен медициналық мекемелердің үстінен сотқа талап арыз түсірген. Сот барысында мамандардың науқастың жағдайын дұрыс бағаламағаны және ЭКГ нәтижесін қате түсіндіргені анықталды.

Сот шешімінде бұл жағдайдың өлімге әкелген жедел миокард инфарктісімен тікелей байланысты екені көрсетілді. Осыған байланысты сот талапты ішінара қанағаттандырып, жедел жәрдем станциясынан 3 миллион теңге моральдық өтемақы өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»