Кеншілер күні: Қарағанды мерекеге дайындалуда
Қарағандыда дәстүрлі Кеншілер күніне дайындық қызу жүріп жатыр. Биыл мерекелік шараның басты алаңы Оңтүстік-Шығыстағы Әшімов көшесінде жаңадан жасақталған аумақта орналасады. Бірнеше аптаның ішінде бұрын бос жатқан 50 мың шаршы метрден астам жер абаттандырылып, ауқымды мерекені қабылдауға әзірленіп жатыр.
Қазір мұнда құрылыс жұмыстары тәулік бойы жалғасуда. Алаңға асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолдары жасалып, жарық бағаналары орнатылуда. Сонымен қатар кіреберіс жолдар мен автотұрақтар ретке келтірілуде. Мерекелік кешке арналған сахна да әлемдік деңгейдегі талаптарға сай жабдықталмақ.
Биылғы Кеншілер күні 29 тамызда атап өтіледі. Мерекенің басты сыйы – қала тұрғындары мен қонақтарына арналған тегін концерт. Сағат 18:00-де басталатын кеште Қазақстан мен шетелдің танымал өнерпаздары өнер көрсетеді. Сахнаға Димаш Құдайберген, Дима Билан, Қайрат Нұртас және басқа да эстрада жұлдыздары шығады.
Жаңа алаңның тағы бір ерекшелігі – оның қала тұрғындары үшін тұрақты пайдалануға жоспарлануы. Яғни мерекелік шара аяқталғаннан кейін де бұл аумақ қаланың қоғамдық кеңістіктерінің біріне айналмақ.
Қала билігі мерекеге келетін тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына да ерекше мән беріп отыр. Көлік қозғалысына өзгерістер енгізіліп, мерекелік шара өтетін аумаққа жаяу жетуге мүмкіндік жасалады. Қажетті көшелердің басым бөлігі ашық болады.
Серіктес қалалар мен қала маңындағы елді мекендерден келетін көрермендер үшін де арнайы көлік ұйымдастырылады. Мерекеден кейін тұрғындардың үйлеріне ыңғайлы қайтуы үшін қосымша 50 автобус қатынайды. Олар Теміртау, Шахтинск, Абай, Саран қалаларына, сондай-ақ Топар мен Шахан кенттеріне бағытталады. Автобустардың шығу орны – «Қарағанды-Арена» мұз сарайы.
Қала тұрғындары да жаңа алаңдағы мерекені асыға күтіп отыр. Әсіресе Оңтүстік-Шығыс тұрғындары үшін концерттің жақын жерде өтуі үлкен мүмкіндік. Ауқымды шараға ондаған мың адамның қатысуы күтіледі.
Кеншілер күні – Қарағанды үшін кәсіби мерекеден бөлек, өңірдің еңбек дәстүрін дәріптейтін маңызды күн. Сондықтан биылғы мерекелік бағдарлама да кең көлемде ұйымдастырылмақ.
29 тамыз күні сағат 18:00-де басталатын концертке кіру тегін. Мерекелік кеш соңында дәстүрлі отшашу ұйымдастырылады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

