Кеншілер астанасындағы газдандыру жұмыстары
Қарағандыда газдандыру қарқынды түрде жалғасуда, нәтижесінде 7 мыңға жуық үй табиғи газға қосылуға мүмкіндік алды. Газдандырудың бірінші кезеңінің үш іске қосу кешені бойынша жұмыстар толығымен аяқталып, Жаңа қала, Михайловка және Ескі Михайловка аудандарында 7 мыңға жуық үйге газ жеткізілді. Қазіргі уақытта 3 385 үй шаруашылығы көгілдір отынның игілігін көруде, ал 4 209 абонент газға қосылуға өтінімін мақұлдады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында айтылды.
Қала әкімінің орынбасары Қайрат Қамзиннің сөзінше, өткен жылы төртінші, бесінші және алтыншы іске қосу кешендерін салу және іске қосу жұмыстары басталған. Бұл кешендерге Кирзавод-1, 2, 3, 4, «Таугүл», «Күнгей» шағынаудандары, сонымен қатар Федоровка мен Үлкен Михайловка кіреді. Жақын арада жетінші іске қосу кешені үшін газ тарату желілерін төсеу, бірінші және екінші кешендердің екінші кезегін іске асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ ТББ зауытының аумағы да газдандырылатын жаңа аймақтардың қатарында.
Болашақта Узенка, Фин кенті, Рудник-2, Пришахтинск, Ескі және Жаңа Тихоновка аудандарын газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Жалпы, жоба бойынша газдандыру төрт кезеңге және 16 іске қосу кешеніне бөлінген. «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ өкілі Манас Баймамыров атап өткендей, жоба аяқталған соң барлық 28 мың жеке тұрғын үйге газ тартылатын болады.
Әлеуметтік осал топтарға газға қосылу үшін біржолғы қаржылай көмек көрсетіледі. Бұл көмек зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, мүгедектер, соғыс ардагерлері және басқа да санаттарға арналған. Оның сомасы жабдықты орнату шығындарын жабуға бағытталып, 100 АЕК-тен (393 200 теңге) аспайды. Өткен жылы 159 отбасы көмек алған.
Сонымен қатар, газдандыруға қосылуға мүмкіндігі жоқ, бірақ әлеуметтік жеңілдіктерге жатпайтын тұрғындар үшін тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы қаржылай қолдау көрсетеді. Бұл пайызсыз қарыз бес жыл мерзімге беріледі.
– Несие сомасы 1 миллион 179 мың теңгеден аспайды. Ай сайын 10 мыңнан 17 мың теңгеге дейін төленеді, – деп түсіндірді Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының директоры Данияр Дүйсембаев.
Бүгінде бұл бағдарлама арқылы 600-ден астам абонент өтініш берген, ал биыл тағы 350 үйге газ қосу жоспарлануда.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»