Кенді өлкедегі киелі шаңырақ

Кенші мамандығы – отандық өнеркәсіптегі ең күрделі әрі жанқиярлық ерлікті талап етер жауапты мамандықтың бірі. Жеті қат жер астына түсу үшін батыл жүрек керек, қара жерден қара алтын өндіру ол нағыз батыл жаннның барар ісі.  Кенші жұмысы – өте қауіпті еңбек. Кен өндіру барысындағы әр сәт болжап білуге болмайтын қатерге толы. Ал қаһарман мамандық иелерін даярлайтын Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Тау-кен факультеті Қазақстан Республикасындағы ең танымал факультеттердің бірі болып табылады.

Техникалық салаға кадрлар дайындау сапасын арттырып, білікті маман етіп шығару  тау-кен факультетінің алдына қойған басты  міндеті. Университет ғылымымен қатар оқу үдерісін үздіксіз жетілдіру, оқытудың заманауи прогрессивті технологияларын қолдану, оқу үдерісін және оны басқаруды компьютерлендіріп, Орталық Қазақстан және еліміздің басқа аймақтары үшін жоғары білікті мамандар  даярлауда аса ықпалды.Университет Қазақстан экономикасының еңсе тіктеуін, тұрақтылығын, қауіпсіздігі мен гүлденуін қамтамасыз етуге қабілетті үздік жастардың білім алуы үшін барлық қажетті жағдайды жасаған. Оның ішінде Тау-кен ісі факультетінің барлық мамандығы бүгінгі таңда қажет және болашақта сұранысқа ие мамандыққа бағытталған. Факультет түлектерінің арасында көрнекті ғалымдар, түрлі кәсіпорын басшылары, озат өндіріс қызметкерлері бар. Қарағандыдай өндірісті өлкемізді кеншіден кенде қылмай, инженерді тапшы қылмай, шахталарды  қажетті мамандық иелерімен қамтып отырған да осы қара шаңырақ – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті.

Қарағандылықтар үшін он екі айдағы орны бөлек, тамыз айындағы тарихты мереке кеншілер күні қарсаңында болашақ кеншілерді даярлайтын білім ошағы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Пайдалы қазбалар кен орындарын өндіру» кафедрасының – меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор – Асқар Имашевпен  сұқбаттастық.

– Болашақ кеншілер Қарағанды техникалық университетінің қандай факульететінде  қандай бағыттар бойынша  даярланады?

– Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Тау-кен факультетінде болашақ кеншілерді «Тау-кен ісі», «Тау-кен кәсіпорындарының және жер асты ғимараттырының құрылысы» «Маркшейдерлік іс» және «Геология» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша дайындайды.

Тау-кен өнеркәсібіне қажет мамандарды толық дайындаймыз, атап өтсек, кен орынды барлау және пайдалы қазбалардың қорын есептеу үшін геологтар қажет, тау-кен кәсіпорындарының құрылысын және барланған кен денелерге дейін жету үшін күрделі тау-кен қазбаларын салатын жер асты құрылысшылар керек, тау-кен жұмыстары жоба бойынша орындалуын және кеңістіктегі бағыттарды көрсететін маркшейдерлер керек және кен денелерді қазып алу үшін кеншілер қажет. Осы мамандардың барлығын Тау-кен факультеті жыл сайын еліміздің тау-кен саласына сәтті дайындауда.

Жылына жүздеген студент тау-кен саласына қатысты даярланады. Олардың бәрі еліміздегі көмір өнеркәсібіне, кен орындарында жұмысқа орналаса ма?

– Әрине, біздің түлектеріміздің өндірісте қызмет жасауға деген қызығушылықтары жақсы. Жыл сайын Университет тау-кен саласына 200-ден астам жас мамандарды дайындайды және соңғы 3 жылдағы жұмысқа орналасу көрсеткіші 94% құрайды. Бұл деген өте жақсы көрсеткіш. Тау-кен өнеркәсібі жалақысы жоғары секторлардың бірі екенін бәріміз білеміз және жылда жас мамандарға деген сұраныс бар.

Студенттердің білімін жетілдіру жолында қандай елдердің ЖОО-мен тікелей байланыста жұмыс жасайсыздар?

– Халықаралық ынтымақтастық – ол жоғары білім берудің негізгі индикаторларының бірі болып табылады. Әрине, шетелдік әріптестерімізбен тәжірибе алмасу болашақ тау-кен мамандарына оң әсерін беруде. Қазіргі таңда академиялық ұтқырлық бағдарламасы және Университеттер арасындағы меморандумдар негізінде Германияның Георг Агрикола Техникалық Университеті мен Фрайберг тау-кен академиясымен, Польшаның Орталық тау-кен инситутымен, эстониялық Таллин техникалық университетімен, ветнамдық Ханой тау-кен және геология университетімен, Санкт-Петербург тау-кен университетімен, Урал мемлекеттік тау-кен университетімен, Кузбасс мемлекеттік техникалық университетімен Ташкент мемлекеттік техникалық университетімен, Украинаның Ұлттық техникалық универсиеті мен Житомир политехникалық университеттерімен, Қырғыз мемлекеттік тау-кен университетімен тікелей байланыстамыз.

– Кен орындарында, жер астында жұмыс істеуге ниетті жастар қаншалықты көп?

– Тау-кен өнеркәсібінде жұмыс жасауға ниетті жастар қазіргі таңда көп. Кен орындары  қауіпті өндірістік объектілер болып табылады, дегенмен, жастар жер астында болсын, ашық карьерлерде болсын жұмыс жасауға дайын.

Шахталарда жиі орын алатын түрлі апатты жағдайларға біліктілік, білімділіктің аздығы себеп емес пе? Қанша дегенмен оның бәрі физикалық құбылыстар ғой.

– Өкінішке орай, шахталарда апатты жағдайлардың орын алуы бар. Мұндай жағдай тек біліктілік пен білімділікке байланысты емес. Тау жыныстар сілемінде түрлі физикалық процесс жүреді, әрине, көзге көрінетін немесе белгілері байқалатын құбылыстарды мамандар апатты жағдайға дейін жеткізбейді. Тау жыныстар сілеміннің орнықтылық болжамын әрдайым жасайды, өйткені, әр тау-кен кәсіпорны әр кеншісінің аман-есен жер бетіне шығуы үшін өндірістік қауіпсіздіктің ережерелін қатаң ұстанады.

Кен өндірісі мамандарын даярлауда практикаға қаншалықты көңіл бөлінеді?

– Соңғы 5 жылда «Пайдалы қазбалар кен орындарын өндіру» кафедрасы практикаға бағытталған оқыту технологиясын «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның Көмір департаментіне қарасты 8 көмір шахталарында жүзеге асырудамыз. Көмір департаменті айына 2 рет автобуспен және өндірістік арнайы киім-кешекпен қамтамасыз етеді. Студенттерді 12-15 адамнан тұратын топтарға бөліп айына 2 рет өндірістік жағдайда аудиториядан тыс сабақтар өткізіледі. Одан бөлек оқу жұмыс жоспарында 2,3 курстардан кейін 5 апталық өндірістік практикаға әр студент жіберіледі. Практикаға бағытталған оқыту технологиясын жүзеге асырудың нәтижелері жоғарғы курстар білім беру және дипломдық жобалау кезінде байқалады. Нәтижесінде студенттер практикалық жағдайды жақсы елестете алады және оқытушымен еркін пікір алмасады.

Болашақ тау-кен өнідірісі саласын таңдаған жастарға қандай жеңілдіктер бар (грант, жұмыспен қамту)?

– Тау-кен кәсіпорындарың жер қойнауын пайдалану бойынша міндеттемерін орындау аясында студенттердің оқу ақысын толық төлейтін мүмкіндіктері бар. Ондай жағдайда ақылы түрде білім алып жүрген студент және тау-кен кәсіпорны келісім-шарт жасасады және оқуды бітірген соң студент сол кәсіпорында жұмыспен қамтылады. Көптеген кәсіпорын жылда өздерінің ішкі гранттарын және стипендиялық бағдарламалары тағайындайтын конкурстар өткізуде, бұл әрине, ақылы түрде білім алатын студенттерге өте жақсы жеңілдік болып табылады.

Кеншілер даярлау ісімен политехникалық университет қанша жыл айналысады? Білікті ұстаздар кімдер?

– Тау-кен мамандарын Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті биыл 69-шы жыл дайындауда, келесі жылы Университетіміздің 70 жылдық мерейтойы және келесі жылға ерекше екпін жасаудамыз. 1953 жылы Қарағанды тау-кен инситуты құрылып, алғаш студенттер тау-кен мамандығына қабылданған болатын. Білікті ұстаз деп біріншіден біз академик Әбілқас Сағыновты айтамыз. Енді қазіргі таңда білікті ұстаздар қатарында Арыстан  Ибадолла Дайырұлы, Исабек Тұяқ Көпейұлы, Қамаров Рымғалы Құмашұлы, Демин Владимир Федорович, Сәбденбекұлы Өмірзақ, Низаметдинов Фарид Камалович, Портнов Василий Сергеевич, Пак Юрий Николаевич, Байкенжин Мұрат Асылбекұлы, Баймухаметов Серғазы Кабиевич, Шманов Махамбет Нажиметдинович, Усенбеков Мейрамбек Сабденович, Исагулов Саят Толеуович, Жұмабеков Марат Нығметжанұлы сияқты оқытушыларымыз бар.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан  Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ