Кенді өлке – кемел тарих

Сайын даланың төскейінде алып өндіріс бой көтеріп, Қарағайлы кентінің іргесі қаланғанына да 70 жылдың жүзі болыпты. Қойнауы қазынаға толы өңірден Менделеев кестесіндегі элементтердің сан түрі табылып, осынша уақыт бойы ел игілігіне жұмсалып келді. Кешегі кеңестік дәуірде атағы дүркіреп, өрлеудің шыңына жетті. Тоқырау жылдарында ауыртпалықты бастан өткеріп, қаңырап қалудың сәл-ақ алдында қалған-ды. Күнкөрістің қамымен одақтас республикалардан келген жұрт ауа көшті. Бірақ келешегін осы жермен байланыстырған, ертеңгі жарқын күнге сенім артқан ағайынның сағы сынбады, қайраты қайтпады. Туған жерді түлетуге бар күшін салып, қажырлы еңбек етті. Сенім ақталды, кент қайта жаңғырды. Бүгінгі той – соның айғағы…

Қазыналы өңірдің мерейтойы екі күнге созылды. Халық та мұндай жиынды әбден сағынып қалғаны көрініп тұр. Той иесі – Қарағайлы жұрты. Бірақ солай екен деп аудандағы өзге ауылда тұратын ағайын қарап қалмапты. Қазақтың дәстүріне сай алты қанат ақ үйін тігіп, төгілдіре дастарқан жайды. Алыстан ат терлетіп келген ағайынға құшағын кең ашып, төріне оздырды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаттары Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуәлиева, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнерпаздары және Қарқаралы, Егіндібұлақ, Қарағайлы мәдени-сауық орталығының өнерпаздары өнер көрсетті. Мерейтойға арнайы келген айтыскер ақындар Айтбай Жұмағұлов, Мақсат Ақанов, Тілеген Әділов, Дидар Қамиев тойдың сәнін кіргізді.

Тойға қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов, белгілі меценат Бақтыбай Жүнісов бастаған игі жақсылар арнайы келіп, ізгі тілектерін жеткізді.

– Қасиетті Сарыарқаның төрінде, Кент тауының бөктерінде орналасқан осынау киелі өңірдің жұртын бүгінгі мерейлі сәтпен құттықтаймын! Сіздерге облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің ыстық ықыласын, сәлемін және құттықтауын жеткізгім келеді. Қарағайлы – облысымыздың және республикамыздың дамуына сүбелі үлесін қосып келе жатқан аймақ. Сондықтан бүгінгі шараның маңызы зор. Бұл той халықты ауызбіршілікке, ынтымаққа шақырып, ел дамуы жолындағы ортақ іске атсалысуға жұмылдырады деген сенімдемін, – деген Ербол Шымкентбайұлы осы өңірдің дамуына атсалысқан азаматтарға облыс әкімінің алғысхатын табыстады.

Қазақ елінің мақтанышы, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров өз сөзінде жетпіс жылдың үлкен өндіріс пен елді мекен үшін тым аз уақыт екенін айтып, кенттің келешегі жарқын боларына сенім білдірді.

– Жетпіс жыл деген көп пе, әлде аз ба? Әрине, егер бұл адамның ғұмыры десек, көп шығар. Бірақ мынандай алып өндіріс пен жер үшін тым аз уақыт. Біздің Қарағайлы қайта өрлеп, дамудың жаңа сатысына көтеріледі. Неге десеңіздер, Жаратқанның бұл жерге берген байлығы мол. Мұнда Менделеев кестесіндегі бүкіл байлық жатыр. Еліміз аяққа нық тұрған шақта, Қарағайлы үлкен қалаға айналады. Оған сенімім кәміл, – дейді Тоқтар Оңғарбайұлы.

Қазақ қадірлі қонағын қашан да құр қайтармаған ғой. Әсіресе еліне елеулі, көптің алғысын арқалаған азаматына шапан жабу – игі дәстүріміз. Киелі өңірдің тойына арнайы келген батырдың иығына ел атынан шапан жабылып, қошемет көрсетілді. Дәл осындай ілтипат Арқаның атымтай жомарты, осы өңірдің тумасы Бақтыбай Жүнісовке де көрсетілді. Белгілі меценат осы тойға ғана емес, Қарағайлы өңірінің дамуына да ұдайы қол ұшын созып, көмек көрсетіп келеді. Туған елдің келешегі үшін еңбек еткен азаматқа елдің айтар алғысы да айрықша екені анық.

– Қазыбек би бабамыз бір сөзінде «Алтын ұяң – Отаның қымбат, құт берекең – атаң қымбат, мейірімді анаң қымбат, асқар тауың – әкең қымбат, туып өскен елің қымбат» деген екен. Сіздер мен үшін қымбатсыздар, – деген Бақтыбай Жолжақсынұлы көпшілікке ізгі тілегін жеткізді.

Жиын-тойдың көркі – ұлттық ойындардың салтанат құруы ғой. Бұл жолы да қалыптасқан дәстүр бұзылмады. Білекті де жүректі жігіттер екі күн бойы озық ойын үлгісін көрсетіп, шын мықтыны анықтады. Боз кілемде кездескен балуандар бірін-бірі алып та, шалып та жықпақ болып арпалысқа түсті. Сайдың тасындай «сен тұр, мен атайын» дейтін алыптың нақ өздері. Бірақ жарыс болған жерде жеңу мен жеңілу бар. Қазақ күресінен 74 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен балуандар арасынан осы жердің тұрғыны Серік Сүйіндіктің мысы басым түсіп, «Қазақмыс» корпорациясы тіккен автокөлікті иеленді. Ал қарқаралылық Едіге Сыздықов 2-орынды иеленіп, 1 миллион теңгенің иесі атанды. Марлен Жанғабыл мен Қобылан Жиенбек есімді қос балуан 3-орынды өзара бөлісті.

Аламан бәйгеде Қарағанды, Алматы, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарынан келген 22 шабандоз бақ сынады. Кіл жүйріктің арасынан қарағандылық атбегі Төлеубек Аманұлының Вертолет деген арғымағы алдыңғы орыннан көрініп, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ тағайындаған автокөліктің кілтін алды. Ал павлодарлық Әділ есімді атбегінің Сұңқары екінші орынды, қарағандылық Дулат Баешевтің Қамбар деген жүйрігі үшінші орынды иеленді. Кіл мықтының арасынан суырылып шыққан жеңімпаздарға марапатты Тоқтар Әубәкіров табыстады.

Бабаларымыз «азаматына қарап ауылын таны» деп бекер айтпаса керек. Кенді өлкенің думанды тойының жоғары деңгейде өтуіне Абай Егубаев, Аманжол Әкімбеков, Ұмсынай Тыныбекова, Сүйіндік Серік, Дархан Манарханов, Ардақ Құсайынов, Дархан Жұмашев, Ербол Абдрахманов, Ләззат Сейдахметова, Қанат Тасын сынды қыз-жігіттердің айрықша тер төгіп, қызмет қылғанын айта кеткен жөн. Ал аймақтың иен байлығын игеріп, өндірісін өрістетіп отырған «Қазақмыс» корпорациясы және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ сынды алып кәсіпорындармен қатар жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының да тойдың жоғары деңгейде өтуіне барынша үлес қосқанын, демеушілік көрсеткенін арнайы атап өткеніміз дұрыс.

Әрине, тойдың болғаны жақсы-ақ. Десек те елдің әлеуметтік ахуалы мен кенттің қайта өрлеуі де назардан тыс қалмағаны жөн. Әлгінде атап өткеніміздей, Қарағайлы кенті өз тарихында дамудың шыңын да, құлдыраудың тұңғиығын да көрді. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде алып өндіріс жабылып тынған-ды. Әйтсе де жаңа мыңжылдық жағымды жаңалығымен келді. 2004 жылы комбинат құрылтайшылығы «Қазақмыс» корпорациясына тапсырылып, өндіріс тамырына қайта қан жүгірген-ді. Баяғы шарықтау шегіне жетпесе де, елдің тұрмысы түзеліп, еңсесі тіктелді. Келешекке деген сенім ұялады. Бұл үрдіс алдағы таңда да жалғасын таппақ. Өйткені Қарқаралы өңірінің тек табиғаты ғана сұлу емес, қойнауы тұнған – қазына. Баяғы кеңестік кезеңде ашылған кен орындарын айтпағанда, кейінгі жылдарда жүргізілген зерттеу жұмыстары алтын-күмістің, мыс пен өзге де сирек металдардың мол қорын анықтады. Ал оларды игеру барысында кен байыту комбинатының маңызы артпаса, кемімесі анық. Демек, жуыр маңда Қарағайлының қайта түлеріне сенім кәміл.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QН»