Келешекке басталған нық қадам
Ел тәуелсіздігінің тарихында жетінші мәрте президент сайлауы өтті. Жеті дегеннен шығады, бұл сайлаудың ерекшелігі – сол: жеңімпаз тек бір мәрте 7 жыл мерзімге ғана президент болады. Келесі сайлауға кандидатурасын ұсыну құқығы жоқ. Бұл – елдегі соңғы саяси реформалар нәтижесінде қабылданған шешімнің бірі. Хош, сонымен, кеншілер қаласында сайлау қалай өтті? Ел не дейді? Саралап көрсек…
20 қараша күні сайлау учаскелері таңғы сағат 7:00-де дауыс берушілер үшін есігін айқара ашқан болатын. Тәуелсіз бақылаушылардың айтуынша, бұл жолғы бір ерекшелік – сайлаушылар белсенділігі. Яғни бұған дейінгі сайлауларда тұрғындар түс ауған соң белсенді болса, биыл дауыс берушілердің басым көпшілігі түске дейін өз таңдауын жасап үлгерген. Жасы да, жасамысы да ел ертеңі айқындалар маңызды саяси науқаннан сырт қалған жоқ. Зиялы қауым өкілдері де айрықша белсенділік танытты.
– Қазақстан халқы өзінің тарихи таңдауын жасайды. Біз ертеңнен бастап жаңа Қазақстанда, өркениет төріне ұмтылған құқықтық мемлекет құратын, барды бар, жоқты жоқ деп айтатын елде өмір сүреміз. Мен өз даусымды ұрпағым үшін, елім үшін бердім. Өзім де тарихи таңдау жасадым, – деді ақын Серік Ақсұңқарұлы.
Таңмен таласа тұрып дауыс беруге асыққандар арасында жастардың қарасы көп. Олардың бұл науқаннан тыс қалмай, азаматтық ұстанымдарын ашық көрсете білгендері – көңілге медеу. Биыл алғаш рет дауыс бергендердің қатарында Перизат және Шеризат есімді егіз де бар. Қарқаралы ауданында дүниеге келген қос бойжеткен бүгінде Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде білім алуда. Олар өз таңдауларын Кеншілер мәдениет сарайында орналасқан №17 сайлау учаскесінде жасады.
– Биыл біз алғаш рет дауыс беріп отырмыз. Ел дамуына үлес қосу үшін дауыс бергелі келдік. Себебі әркімнің даусы маңызды, – дейді олар.
Сайлауда белсенділік танытқан егіз бұлар ғана емес, дәл сол күні қаламыздағы №11 сайлау учаскесінде Диана және Даяна Мұратовалар да өз таңдауларын жасаған болатын.
– Қазақстан Республикасы президенті сайлауына қатысу – біз үшін өте жауапты іс. Ел ертеңі үшін дұрыс таңдау жасаған маңызды. Еліміздің болашағы жарқын, халқымыз бай-қуатты болатынына сенімдіміз! – деді олар.
Аймағымызда сайлау барысын үш мыңнан астам жергілікті бақылаушы және жиырмадан астам шетелдік бақылаушы қадағалаған болатын. Олардың барлығы дерлік дауыс беру кезінде заңға қайшы әрекет орын алмағанын, сайлау заңнамасын бұзу, бұзақылық әрекеттерге бару оқиғалары тіркелмегенін жеткізді.
– Сайлау учаскелерінің жұмысы да, дауыс беруге келушілердің де белсенді екенін көріп отырмыз. Азаматтық міндетіне бейжай қарамайтындары қуантады. Мен бүгінгі саяси науқанда қазақстандықтар таңдаған адам елін жарқын болашаққа жетелейді деп сенемін, – деді ТМД Бақылаушылар миссиясының өкілі Олег Сосковец.
Иә, биылғы сайлауда қарағандылықтар асқан белсенділік көрсете білді. Облыс бойынша дауыс беру құқығына ие азаматтардың 78,39%-ы өз таңдауын жасаған. Ал Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қорытындысында айқын басымдықпен Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаз деп танылды. Сайлаушылардың 81,31%-ы Қасым-Жомарт Тоқаев кандидатурасын қолдап дауыс берген.
Биылғы бір жаңалық – бюллетеньге «Барлығына қарсы» бөлімінің енгізілуі. Бұл бөлімді 460 484 адам немесе сайлаушылардың 5,80%-ы таңдаған.
Өзге кандидаттар көрсеткіші:
Қарақат Әбден – 206 206 дауыс немесе 2,60%;
Нұрлан Әуесбаев – 176 116 дауыс немесе 2,22%;
Жигули Дайрабаев – 271 641 дауыс немесе 3,42%;
Мейрам Қажыкен – 200 907 дауыс немесе 2,53%;
Салтанат Тұрсынбекова – 168 731 дауыс немесе 2,12%.
Иә, қалың көпшіліктің қолдауымен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына қайта сайланды. Орталық сайлау комиссиясының шешімі бойынша, ұлықтау рәсімі 26 қараша күні өтпек. Дәл осы күні Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына ант беріп, президенттік өкілеттілігіне кіріседі.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«QH»