Келешек үшін таңдау жасады

Елімізде саяси жаңғыртулар мен өзгерістер толқыны жүріп жатыр. Бұл бағытта көптің есінде қалған басты қадамның бірі – 19 наурызда өткен Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы. Бұл сайлаудың бұған дейінгілерден өзгерек болатыны бірден айтылды. Яғни көпшілік өз сөзін сөйлер депутатты таңдау мүмкіндігін иеленген-ді. Сонымен, бұл жолғы саяси жаңғыру науқаны қалай өтті? Қай партиялар жеңіске жетті? Қорытындылап көрсек…

Қарағанды облысындағы 654 сайлау учаскесі таңғы жетіде ашылып, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутат сайлау үшін дауыс беру уақытылы тәртіпке сай басталды. Қарағанды облысында 761 471 сайлаушы тұрады екен. Ел келешегі анықталар маңызды күні бұл азаматтардың 59,48 пайызы сайлау бюллетенін алып, өз таңдауын жасапты. Қарағандылықтар 7 партияға және бірмандатты округтер бойынша додаға түскен кандидаттарға дауыс берді. Қалың көпшіліктің қолдауымен Парламент Мәжілісіне облысымыздан 2 депутат сайланды. Атап айтқанда, №18 сайлау округінен сайлаушылардың 132 471 даусына ие болған Құдайберген Бексұлтанов өтсе, №19 сайлау округінен Арман Қалықов өтті. Оған 145 228 сайлаушы дауыс берді.

Ал облыстық мәслихат депутаттары 50х50 тәртібімен сайланды. Яғни жергілікті өкілетті органдағы 36 мандаттың тең жарымы партиялық тізім бойынша ұсынылса, қалғаны бірмандатты округтер бойынша таңдалды. Халықтың басым даусын иеленген 5 партияның өкілдері енді облыстық мәслихатта ел сөзін сөйлейтін болады. Яғни жаңа шақырылатын облыстық мәслихат құрамында «Amanat», «Ауыл» «Ақ жол», «Respublica» және «Байтақ» партиясының өкілдері болады. Бұдан бөлек бір мандатты 18 округ бойынша 58 азамат ұсынылған болатын. Көпшілік дауыспен мандат иеленгендердің арасында «Amanat» партиясы мүшелерінің үлес салмағы басым түсті.

Қарағанды қалалық мәслихатында 30 мандат бар. Сайлау заңнамасына енген өзгерістер бойынша, жергілікті мәслихат депутаттары толықтай бірмандатты жүйемен сайлануы тиіс болған-ды. Әйтсе де кандидаттардың қандай да бір саяси партияның мүшесі болуына немесе болмауына шектеу қойылған жоқ. Сайлау нәтижесі бойынша, қалалық мәслихат депутаты мандатын иеленгендердің арасында «Amanat» партиясының 17 мүшесі және «Ақ жол», «Байтақ», «Respublica», «ҚХП» мен «Ауыл» партияларының өкілдері бар. Бұдан бөлек еш партияда жоқ 6 үміткер де депутаттық мандат иесі атанды.

Жаңартылған Қарағанды мәслихатында депутаттардың орташа жасы 44 жас болып отыр. Ең кішісі 27 жаста, ең үлкені 64 жаста. Төрт әйел.

Айта кету керек, сайлау күні дауыс берушілерге барынша қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылды. Әсіресе денсаулығында кінәраты бар адамдардың ешқандай кемшілік көрмей, өз таңдауларын жасауына жол ашылды. Бұл күні қаладағы қоғамдық көліктер халықты тегін тасымалдаған болса, облыс орталығында және қала-аудандарда инватакси қызметі ұйымдастырылды. Сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне арналған арнайы кабиналар әзірленіп, оларға қажетті жағдай жасалды. Сонымен қатар сайлау учаскесіне келуі қиын азаматтар мен қарттардың үйіне сайлау комиссиясының мүшелері барып, олардың үйден шықпай-ақ дауыс беруіне мүмкіндік берді.

Сайлау нәтижелері облыстық және жергілікті әкімдіктердің ресми сайттарында жарияланған. Тұрғындар өз учаскелерінде жеңіске жеткен жандарды тізімнен тауып, алдағы уақытта өзекті мәселелері бойынша сауалдарын жолдай алады.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»