Кедергісіз келешек

 

«Тең мүмкіндіктер» деген атаумен облыстық инклюзивті спорт фестивалі ұйымдастырылды. Жас қарағандылықтар фестиваль аясында бочча және «Көңілді старт» жарыстарына қатысты.

«Жастар» спорт кешенінде «Amanat» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Тең мүмкіндіктер» фестивалі өтті. Қарағанды облысында осы бағытта алғаш рет ұйымдастырылып отырған спорттық шараға мектеп оқушылары, ерекше білім алуды қажет ететін балалар да қатысты.

– Біздің партия тең мүмкіндіктер үшін, баршаға бірдей құқық, бірдей мүмкіндік берілуі тиіс. Сондықтан осындай фестиваль өткізіп отырмыз. Мүмкіндігі шектеулі балалар өздерін қатардағы балалармен бірдей деңгейде сезінуі үшін, осындай іс-шара ұйымдастырып отырмыз, – деп атап өтті Қарағанды облыстық мәслихат депутаты, «Amanat» партиясы ҚОФ жанындағы Әйелдер қанатының кеңесшісі Зара Шалабаева.

Спорттық шаралар – қашан да бірліктің, достық пен ынтымақтастықтың үйлесімді көрінісі. Алайда білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балалардың осындай спорттық сайыстарға қатысуына әрқашан бірдей мүмкіндіктері бола бермейді. Бұл фестиваль Саран, Қарағанды, Теміртау қалаларының балаларын біріктіріп, бір алаңда бірлесе жарысқан жеткіншектер қызықты ойын өткізе білді. Бочча спортынан 6 команда қатысты.

– Мен Павлодар қаласына барып, біздің команда командалық ойында бірінші орынды жеңіп алды. Әрі Павлодар кубогын да ұтып алып, жекелей сайыста екінші орын иелендім. Маған бочча спортына қатысқан ұнайды, – дейді боччадан жарысқа қатысқан Евгения Беляева.

Бочча ойынында арнайы 13 доп болады. 6 қызыл, 6 көк және басты 1 доп ойыншылардың қозғалыс әрекеттерін дамытуға септігін тигізіп жалпыкомандалық ойын рухын жандандыра түседі. Бастысы, бұл ойындар балалар көңілінен шығуда.

Айтулы фестивальға облыс әкімі де қатысып лебіз білдірді.

– «Amanat» партиясына алғыс айтамын, бүгінгі шараны балалар үшін ұйымдастырып, спорт балалардың көңілінен шығуда. Бұл – балаларға берілген үлкен мүмкіндік. Мемлекет осындай балаларға барлық мүмкіншілігін беруге міндетті. Біз ол жұмысты атқаратын боламыз. Қатысып жатқан балаларға сәттілік пен жақсылық тілеймін. Дос табасыздар, қызықты уақыт өткізесіздер, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев.

Жеңімпаздарға «Amanat» партиясынан кубоктар, медальдар мен сыйлықтар табысталды. Спортта да, білімде де баршаға бірдей тең мүмкіндік беру маңызды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл шара сонысымен ерекше.

АЙДЫН ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»