КЕҢЕС ЖҰМАБЕКОВ: КӨШЕДЕ КИІЗ ҮЙЛЕРДІ ҚҰРЫП ҚОЙЫП ҚАНА ЖҮРМІЗ

Еліміз бойынша 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі жарияланған еді. Оның әр күнін белгілі бір тақырыпқа арнау жоспарланған. Түрлі саладағы ұжымдар өзіне жақын тақырыпта әр түрлі шара өткізуде. Қазірге дейін қала көлемінде мәдениет, спорт, білім салаларына қатысты біршама көлемді іс-шаралар өтті. Осы орайда «Арқаның ақ сарайы» атанған С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында 55 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан саңлақ актер Кеңес Жұмабековтің жаңа онкүндік жайлы ойын білген едік.

Биылғы наурызнама, шынында да, өзгеше өтейін деп жатыр. Қазір, мінеки, театр болсын, ұжымдар болсын, жалпы облыс көлемінде жаңаша өткізейік деп тырысып жатырмыз. Оның енді қаншалықты дәрежеде болатынын өткеннен кейін бағалаймыз ғой. Содан кейін сын көзбен қарап айтармыз нені қосу керек, нені алып тастау керек дегенді. Өздеріңіз білесіздер, Президентіміз Наурызды жаңаша тойлау жөнінде айтты өткен жолы. Соған жауап ретінде жаңаша бір серпіліс танытып жатыр ел ішінде. Біздің облыста да, міне, 14-23 наурыз аралығының әр күніне әр түрлі тақырып белгіленген. Соған байланысты шаралар өткізіліп жатыр. Бұл Наурыз мейрамын әр ұжым өз алдына өзгеше етіп өткізе білуі керек. Біз тәуелсіздік алғаннан бері мейрам кезінде көшеде музей секілді етіп киіз үйлерді құрып қойып қана жүрміз. Бұлай емес, мейрам халықтың ішіне енуі керек. Наурыз қазаққа ең жақын, етене мейрам. Табиғаттың өзі берген мейрам, күн мен түннің теңесер шағы. Бұл, шынында да, үлкен деңгейде аталып өтуі керек. Сондықтан қазір, міне, жаңаша тойлап жатырмыз, қолға алудамыз. Қазақтың ұлттық киімдері, тағамдары секілді тақырыптар ұтымды қойылған. Әркім осылай атап өтуі тиіс, өте керемет.

– Тамаша. Ал театр актерлері, өнер адамдары бұл мейрамды қалай тойлайды?

Бізде, шын мәнінде, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін тек қана Наурызға қарап емес, басқа да мерекелерге арнап көрсету әдетке айналған. Тек сахна емес, өмірде де осыны ұстануға тырысамыз. Мысалы, ұжымдағы әріптесіміздің отбасында бір бала дүниеге келетін болса, бауы берік болсын айтып, домбырамен ән салып, шашу шашып құттықтаймыз. Сондай жақсы жоралғылар бар. Бір жақсы іс басталарда, тіпті жаңа премьералар кезінде үлкендер бата беріп, тұсауын кесіп, ақжарма тілегімізді жолдаймыз. Сондықтан қазақ театрында дәстүр мен салт жақсы ұсталатын болғасын, мейрам да берекелі өтеді.

– Ендеше өз шаңырағыңызда да ұлыс күнін ерекше атап өтетін боларсыздар?

Біз отбасымызда жыл сайын мейрам қарсаңында бас қосамыз. Құдай берген 1 ұл, 2 қызым бар. Барлығы отбасымен қара шаңырақта жиналады. Күндізден бастап үлкендер алдымен кішілерге сый-сияпатымызды тарту етеміз. Кішкентай немере, шөберелерімізбен шүйіркелесіп, білгенімізді бөлісіп жетісіп қаламыз. Наурызды ұлттық киіммен қарсы аламыз. Бұл біздің төл мерекеміз, өз мейрамымыз. Сондықтан балаларымыздың бойына сіңіру үшін түрлі ертегі, әңгіме айтып, ән шырқап көңілді отырамыз.

– Демек, өскен ортаңызда да Наурызды тойлап өскенсіз ғой. Бала шағыңыздағы Наурызға байланысты естеліктерден айтып өтсеңіз?

Мен батыстың тумасымын. Ол жақта бала кезімде мейрам көрісуден басталатын. Амал күнін асыға күтетінбіз. Ертең 14-і болады деген күні ертерек жатқызып, ерте тұрғызып, бар жақсымызды кигізіп жіберетін. Бала кезімде, есімде, жолдың арғы бетінде тұратын Темірғали ата деген көршіміз болды. Өзі бір батагөй керемет адам еді. Бала кезіміздегі ауыл ақсақалдарының қай-қайсысы да керемет жақсы адам еді. Әрбіреуі бір-біріне ұқсамайтын тарих. Сол ақсақалдарымызға барып амандасамыз. Мен сол ауылдағы ақсақалдар мен аналардың ақ батасымен өстім. Сол 4 жасымда әкем таңертең киіндіріп, жолдың арғы бетіне дейін апарып Темірғали атаның үйіне кіргізіп жіберді. Әрмен қарай өзім бардым. Кірсем, таңғы шайын әлі ішіп отыр екен. «Жоғары шық, балам», деді. Мен үндемей тұрмын. «Неге келдің?» деп сұрайды. «Папам жіберді», деп қоям. «Ее, ол неге жіберді?» деп ол кісі де қоймайды. «Көрісіп кел», деді деймін. Содан бетіме қарап: «Енді көріспейсің бе?» демесі бар ма. Мен жайлап барып, ол кезде 4 жастағы ұялшақ баламын ғой: «Сәлем бердік», дедім. Содан ата маған түсіндіріп жатыр: «Азамат олай амандаспайды. Екі қолын ұсынып дауыстап сәлем береді», деп. Сосын қайта амандастым. Қолымды ұсынып алып, ал сөзімді ұмытайын, ана сөзге тілім де келмейді ғой. «Ас… ас… ассалау, малау, малау…» деп тұрып жылап жібердім. Содан ол кісі жұбатып, қолыма құрт, кәмпитімді беріп алдына алды. Шай ішіп болғасын үйдің қасына дейін апарып тастады. Содан бастап үлкен кісілерге қол беріп амандасатын болдым. Ауылдың шалдары кешке мал қайыруға, бұзау қарауға шыққанда, бәрімен амандасып жүретінмін. Ол кісілер батасын беріп жүрді. Міне, бата алу, қолға су құю біздің қанымызға бала кезден сіңген. Наурыз кезінен жадымда қалған осындай жылы естеліктер бар. Бұл дәстүрлер тәуелсіздік алғаннан бері жанданып келе жатыр, әрі қарай да тоқтамасын.

– Қандай керемет. Бұл дәстүрді мұнан әрі сақтап қалу үшін не істегеніміз дұрыс?

Дәстүрімізді, ұлттық киімімізді тек мейрамда ғана есімізге алмай, күнделікті өмірге де сыналап кіргізіп жібергеніміз жөн. Бүгінгі біздің ақсақал ретінде арманымыз да, мақсатымыз да осы. Мұны әрқайсысымыз өз ошақ қасы, отбасымыздан бастағанымыз дұрыс. Мектеп оқытады, білім береді, ата-ананың негізгі міндеті балаларына тәрбие беру. Қазақтың «тәрбие көрмеген» деген ауыр сөзін естімейік. Балаларымызды, ұрпағымызды ұлттық нақышта, ұлттық құндылықтарға сусындатып өсіруіміз керек. Сонда ғана ол нағыз қазақ болып өседі.

– Тұшымды әңгімеңіз үшін көп рақмет!

Нұрәсем АХАН, «QH»