КАСКАД АЛАҢЫНДАҒЫ СУБҰРҚАҚ БИЫЛ ІСКЕ ҚОСЫЛМАЙДЫ

Қарағандыда көптеген субұрқақ жұмыс істемейді. Қала тұрғындары субұрқақтардың екі-үш жыл қатарынан жұмыс істемей тұғандығына шағымданды. Каскадты алаңдағы баспалдақ фонтаны мен «Шахтер» футбол клубы аллеясындағы субұрқақ, тіпті, цирк пен «Шалқыма» концерт залы алаңындағы субұрқақтар да өз жұмысын тоқтатқан.

Биыл жаз айларында да субұрқақтарды қызықтай алмайтындығымызды Қазыбек би ауданының әкімі Нұрлан Рыстин былай түсіндірді:

— Қаладағы субұрқақтар мен саябақтар биыл ғана біздің басшылығымызға өтті. Сондықтан, су құрылымдарын толық қарап шығу қажет болды. Нәтижесінде, көптеген механизмдердің қазірдің өзінде істен шыққандығы анықталды. Біз оларды қалпына келтіру жұмыстарын бастап кеттік. Жаз басталғалы Назарбаев даңғылындағы үш бірдей субұрқақ, мәдениет үйінің алаңындағы бірнеше субұрқаққа жөндеу жүргізілді. Ал, цирк, «Шалқыма» және вокзал маңындағы субұрқақтарды күрделі жөндеуден өткізу керек. Аталған үш фонтан тамыз айында жөнделеді деп күтілуде. Жөндеу жұмыстарына қаржы табылып, конкурс жарияланды. Алайда, жаздың соңында бір-ақ іске кірісеміз. Себебі, фонтандардың көбі мүлдем дерлік жөндеуден өтпеген. Сол себепті, қазір оларды қосу – өте қауіпті.

Аудан әкімі байқау қорытындысы алдағы уақытта шығарылып, жеңімпаз бригада жұмысқа кірісетінін айтты. Жөндеу үшін шамамен бір ай шамасында уақыт қажет. Содан кейін субұрқақтар тексеруден өтіп, келесі жазға дейін қайта жабылатын болады.

Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасының абаттандыру бөлімшесінің меңгерушісі Әлібек Мұқашевтың айтуынша, көктемде каскад алаңындағы субұрқақтың жұмысын қамтамасыз ететін сорғы станциясы су астында қалған. Осыған байланысты, фонтан іске қосылмаған. Жөндеу жұмыстары күзге дейін аяқталатын болады. Сондай-ақ, Әлібек Мұқашев субұрқақтар көбіне бұзақылық пен жабдықтарды ұрлауға байланысты істен шыққанын атап өтті.

Сонымен қатар, «Шахтер» футбол клубының аллеясы мен орталық саябақта орналасқан субұрқақтар да биыл жұмыс істемеді. Оларды жөндеу келер жылға жоспарланып отыр.

Кеншілер шаһарында 28 субұрқақ бар. Оның он сегізі – қала орталығында, жетеуі – Оңтүстік-Шығыс аумақта және үшеуі Әлихан Бөкейхан ауданында орналасқан.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА.