Картоп неге қымбаттап кетті?

Қарағанды облысында картоп бағасын реттеу және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауына жол бермеу мақсатында тиісті шаралар қолға алынып жатыр.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ауылшаруашылығы кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізіп, белгіленген бағамен сауда орындарына картоп жеткізу жөнінде меморандумдар жасауды тапсырды. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын қадағалау жұмыстары жалғасып, артық үстеме бағаны болдырмау шаралары күшейтілуде.

Облыс әкімдігінің ақпаратына сай, қазіргі уақытта аймақтың ауылшаруашылығы кәсіпорындарының қоймаларында 53 мың тонна картоп бар. Жалпы қор, тұрақтандыру қоры мен сауда желілерін қоса алғанда, 61,6 мың тоннаны құрайды, бұл маусымаралық кезеңдегі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге жеткілікті.

Форвардтық келісімдер аясында 3,2 мың тонна картоп пен басқа да қажетті көкөністер жеткізілді. Бұдан бөлек, айналым схемасы бойынша жеткізу жұмыстары жалғасуда.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының, соның ішінде картоптың сауда үстемесін 15%-дан асырмау үшін облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен Қарағанды әкімдігі сауда желілерінің өкілдерімен кездесулер өткізді. Нәтижесінде екі кәсіпкерге картопқа артық үстеме қосқаны үшін әкімшілік шаралар қолданылды, ал тағы бір сауда нүктесіне қатысты тексеріс жүргізілуде.

Сауда үстемесінің сақталуын бақылау бойынша Экономикалық тергеу департаментіне тапсырма берілді. Барлық анықталған бұзушылық бойынша тиісті шаралар қабылданады.

Облыста маусымаралық кезеңге қажетті тауар қоры жеткілікті, ал бағаларды тұрақтандыру жұмыстары жалғасуда.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»