Күзгі науқан
900 мың гектар алқаптан өнім жинау жоспарда. Диқандардың егін жинау қарқынына қолайлы ауа-райы да септік етті. Аймақ басшысы бірқатар шаруа қожалығын аралап, маусымдық жұмыс межесін көрді. Күзгі науқандық жұмыс қыркүйек айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Қарағанды облысында егін ору науқаны қарқынды жүріп жатыр. Ермағанбет Бөлекпаев күзгі өнім жинау жұмыстарын бағдарлау мақсатында шаруашылықтарға қарасты алқаптарды аралап қайтты. Ол Абай ауданындағы «Шанс» шаруа қожалығы мен «Астра-Агро LTD» ЖШС де болып, шаруашылық жетекшілерімен және қызметкерлерімен жүздесіп, дала жұмыстарын бақылады. «Астра-Aгро» серіктестігі жоғары репродукциялы тұқымдық картопты өсірумен айналысады. Кәсіпорын өз өнімдерін фри жасау үшін Қызылорда облысындағы зауытқа жеткізеді. Ауылшаруашылық кәсіпкері Игорь Жабяктың айтуынша, бұл маусымда өнімділік жаман болмаған. Әр гектардан орта есеппен 300 центнер көкөніс жиналды дейді, ал астық жинау шаруасы әлі де жалғасуда. Облыстағы дәнді дақылдардың жалпы ауданы 766 мың гектарды құрайды, осы есеппен диқаншыларымыз бұл науқанда 900 мың гектардан астам алқапта егін жинауда.
– Жалпы 900 мың гектардан астам егін орылу керек. Қазіргі таңда, оның ішінде 766 мың гектар бидай, қазіргі таңда 50 пайызы бізде жиналып болды. Енді ауылшаруашылық тауар өндірушілер биылға арзан жанар-жағармаймен қамтылды. 15 мың тонна бөлінген болатын, біздің облысқа. Сонымен қатар, бізге 2 мың тоннадан астам кептіргіштерге газ бөлініп отыр, – дейді Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин.
Аграршылар қажетті жанар жағармаймен, астық кептіргіштер үшін қолжетімді бағадағы сұйытылған газбен қамтамасыз етілген. Ауа-райы қолайлы болып дала жұмыстары мерзімінде жүргізілуде. Және биыл дәнді дақыл бойынша да картоп өнімділігі бағытында да жақсы өнім аламыз, дейді. Қазіргі уақытта астықтың 60%-дан астамы жиналыпты. Бұл күнде шаруашылық өкілдері барлық күш қауқарын салып егін оруға екпін салуда. Жұмыстар қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»