Кәсіпорындағы қауіпсіздік
Параметрлерді қалпына келтіру. «Тентек» шахтасында газсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс кәсіпорындағы қауіпсіздік деңгейін жақсарту мақсатында жасалады.
«Тентек» кенішінің солтүстік блогын газсыздандыру жобасы қызу түрде жүргізіліп жатыр. Негізгі жоспар D6 құрамасына бағытталған. Жалпы, шахта өкілдердің айтуынша, осы жұмыстардың нәтижесінде алдағы жылдарда 200 миллион текше метрден астам метан шығарылуы тиіс. Ал ол 16 миллион тонна көмір өндіруге мүмкіндік береді. Бұл жоба біздің кеніштерде алғаш рет жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні барлық дайындық жұмыстары аяқталды. Жоба аясында алғашқы 3 ұңғыманы (газ шығатын негізгі орындар) бұрғылау басталды. Никита Агеевтің пікірінше, егер бәрі ойдағыдай болса, алғашқы нәтижелер күз айында белгілі болады.
– Газсыздандыру шешілмей жүрген біраз сұрақты шешеді. Таныстырылуда атап өткендей, 16 миллион тонна көмір өндіру үшін 203 миллион текше метрден астам метан шығарылуы керек. Қазір 10 ұңғымаға жұмыс жүргізіліп жатыр, олар сәтті өтсе, жоспарда 86 ұңғыма бар. Ең бастысы – тапсырылған міндеттемелерді орындау. Жұмыла жасаған жұмыс жемісін береді, – дейді «Georezonans» ЖШС директоры Никита Агеев.
– Газсыздандыру ірі жұмыстарды атқару үшін өте қажет. Бұл ұзақ қабатты тау-кен өндіру процесін жылдамдатады, – дейді «Qarmet» АҚ Көмір департаментінің ғылыми-инженерлік орталығының басшысы Александр Полчин.
Жұмыстар аяқталғаннан кейін, шахталардағы газ мөлшері 50% азаяды да, жұмысшылардың жеке қауіпсіздігіне алаңдамай жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Газсыздандыру жұмыстары елімізде Қарағанды шахталарынан бастау алып отыр. Бұл басқа да кен орындарына үлкен жол ашып бермек.
– Бұл жұмыстар үлкен қауіптердің алдын алады. Әсіресе ең қауіптісі осы Д6 болған. Негізгі жұмыстар да соған бағытталған. Енді қауіпсіздік реттеліп, жұмыс күші одан әрі артпақ. Біз үшін жұмыс сапасы да, мамандарымыздың амандығы да маңызды. Әркім өз қызметін қорқынышсыз атқарса дейміз, – деп атап өтті Александр Полчин.
Алдағы уақытта бұл ұңғымалардағы жұмыс сәтті болса, басқа шахталарда да аталмыш жұмыстар қолға алынбақ.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»