Кәсіпкерлікті қолдау қарқынды

Биыл Қарағанды облысында бизнесті дамытуға 14 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаражат есебінен 2 700-ден астам кәсіпкерлік жоба қаржыландырылды. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек облыстық мәслихаттың кезекті XVII сессиясында мәлімдеді.

Облыс әкімінің айтуынша, бизнесті қолдау шаралары нәтижесінде аймақтағы шағын және орта бизнес нысандарының саны артады.

– Өңірлерде жалпы сомасы 78 миллион теңгені құраған гранттарды 75 жас кәсіпкер, ұлттық жоба бойынша 135 адам алды. Бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 6,9%-ға артты. Биылдан бастап бизнесті қаржылай және қаржылай емес қолдаудың барлық құралы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға біріктірілді, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Жыл соңына дейін бизнесті қолдаудың жаңа өңірлік бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Кәсіпкерлер микронесиені жеңілдетілген мөлшерлемемен ала алады. Ол – бизнестің табысын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.

Жеңілдікті микронесиелер әлеуметтік кәсіпкерлікті, креативті индустрияларды, туризмді және өңдеу өнеркәсібін қолдауға берілетін болады. Жыл соңына дейін 3 мыңға жуық бизнес-идеяны қолдау жоспарланып отыр.

Өңір экономикасында оң динамика қамтамасыз етілді. 8 айда инвестиция көлемі 364,6 млрд теңгені құрады. Оның 91,5%-ы жекеменшік. Облыста барлығы 55 инвестициялық жоба іске асырылуда. 13 500-ге жуық жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ биыл өңірде 600 мың шаршы метр тұрғын үй салу және бюджет есебінен мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар облыста кеншілерге, металлургтерге және 35 жасқа дейінгі жас мамандарға арналған ипотека сияқты жеңілдікті кредиттеудің түрлі бағдарламасы белсенді жұмыс істейді.

– Проблемалық мәселелер жүйелендіріледі, оларды шешу жолдары пысықталады. Бірлесе отырып біз экономиканың даму қарқынын сақтап, өмір сүру сапасын және халықтың табысын арттыруды қамтамасыз етеміз, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Депутаттар әкімнің есебін мақұлдады. Өңірді одан әрі дамыту үшін болашаққа әлеуетті жоспарлар мен ортақ міндеттер белгіленді.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»