КӘСІПКЕРЛІК ГРАНТТАРДЫҢ 60 ПАЙЫЗЫН НӘЗІК ЖАНДЫЛАР ҰТҚАН

Қазіргі заман әйелдері үшін үйде отырып, бала және отбасы күтімімен ғана айналысу жеткіліксіз. Бүгінгі әйел белсенді болуы керек, ең бастысы қазір олардың таланты мен мүмкіндіктерін ашуға жағдай жасалуы керек. Осы тұрғыдан алғанда әйелдер қауымы еліміздің іске қосылмаған резервтерін жандандыруда мықты рөл атқаруда. Мәселен, өңірдегі жұмыс істеп тұрған 41,5 мың кәсіпорынның жартысына жуығын әйелдер басқарады.

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек пен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева облыстағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, сондай-ақ, оны қолдау шараларын талқылады.

— Бүгінде әйелдер өңірдегі барлық бизнестің жартысын басқарады. Ал кәсіпкер компаниялардың жалпы саны бұл 41,5 мыңды құрап отыр. Олар бизнеспен айналысатындардың үштен бір бөлігін жұмыспен қамтамасыз етеді. Бұл сауда, қызмет көрсету, жылжымайтын мүлік нарығы, қонақ үй және мейрамхана бизнесімен қатар ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларын да қамтиды. Нәзік жандылардың қызмет ету аясы жыл сайын кеңейіп келеді, — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша мемлекеттен 340 жаңа жобаға 2,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Олардың бастамашылары – әйелдер. Сондайақ, жыл сайын «Еңбек» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген шағын несие алушылар арасында әйелдердің үлес салмағының өскені байқалады. «Бизнес бастау» курстарында да білім алушылардың 70%-ға жуығы – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер. Әйелдер үлесіне 500 мыңнан 5 миллион теңгеге дейінгі барлық гранттардың 60%- дан астамы тиесілі.

— Қазір өңірде әйелдер қауымының артуы байқалуда. Біз барлығымыз күш біріктіруді ойлаған едік. Ол ойымыз да іске асты. Әрбір қала мен ауданда іскер әйелдер қауымдастығы және әйелдер күштері Альянсы жұмыс істейтін болады. Қызмет көрсету ауқымы үлкен – бизнесті жүргізуге көмек, саяси көшбасшылық, тұрмыстық зорлық- омбылыққа қарсы күрес, әлеуметтік мәселелер, құқықтық оқыту, бәрі-бәрі қарастырылатын болады. Біз тәлімгерлік, коучинг курстарын ұйымдастыруға дайынбыз. Кәсіп бастаған қыздарға қолдау көрсетілуі тиіс, — деді Раушан Сәрсембаева.

Еліміздегі шағын және орта кәсіп нысандарының 41%-ын әйел адамдар басқарады. Олардың біразы алып зауыттар мен банктердің басшылығында жүрсе, енді бірқатары әйел затының табиғатына жақын кәсіп көздерін ашып, жетістіктерге жетіп отыр. Сондықтан, нәзік жандардың кәсіп ашып, тек өзіме ғана емес, қоғамға да пайда келтірсем деген талпыныстары нәтижесін беріп жатыр десек те болады. Оған қоса, статистика бойынша әйел кәсіпкерлер қаржылық, несиелік және салықтық тәртіптің жоғары деңгейін көрсетуде. Өйткені, әйелдер жаратылысынан барынша жауапты, жинақы, тәртіпшіл. Олар кезкелген жұмысты аяғына дейін жеткізе алады. Төзім мен шыдам да әйел табиғатына жат нәрсе емес. Мұның барлығы — адам баласы үшін де, қоғам үшін де өте маңызды қасиеттер.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, QH.