КӘСІПКЕРЛЕРГЕ 100 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНҒАН

Қиын-қыстау кезеңде онсыз да етегі жасқа толып жүрген қарағандылық кәсіпкерлерге жыл басынан бері кемі 100 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Олардың басым бөлігіне карантин талаптарын сақтамады деген айып тағылып отыр. Бұл туралы Қарағанды облысының жедел әрекет ету орталығының жетекшісі Қайрат Шорманбаев мәлімдеді.

Ал, әлеуметтік желіде «бізге жұмыс істеп ақша табуға мүмкіндік беріңдер» — деген сыңайдағы әлеуметтік бейнеролик қарқынды таралып жатыр. Онда шыққан аспаз, бармен, официанттар карантин уақытында табысынан қағылып, қиын-қыстау күн кешіп жатқандарын айтады. Тіпті кейбірі отбасын жалғыз асырап отырғандар екен.

Ал, Шорманбаев болса, «Қазіргі уақытта облыста 112 мобильді топ жұмыс істейді. Жұмысқа мемлекеттік қызметшілерден, полиция қызметкерлерінен, әлеуметтік белсенділерден, еріктілерден 600-ге жуық адам тартылған. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап мониторингтік топтар 133 348 объектіні тексерді, 2130 заң бұзушылықты анықтады, 1272- не айыппұл салды. Айыппұлдың шамамен сомасы 103 миллионнан астам теңгені құрады, — деді. Оның сөзінше карантин талаптарын бұзуға қарсы акцияға тек бақылаушы органдар ғана емес, барлық саналы азамат қатысуы керек. Бұл бизнеске қарсы күрес емес, қоғамның денсаулығын  сақтауға бағытталған әрекеттер. Егер, карантиндік режимнің бұзылуын көрген болса, онда Senim 109 қызметіне хабарласа болады, ақпарат міндетті түрде тексеріледі. Расталса айыппұл салынады, — дейді Қайрат Шорманбаев.

Бұл тарапта кәсіпкерлер үшін бір ғана артықшылық болса, ол «Ashyq» жүйесіне тіркелу. Тек сонда ғана өзгелерден бірер сағат артық жұмыс істеуге, ептеп пайда табуға мүмкіндік бар. «Ashyq»-тың кең етек жайғаны сонша, оны қолданбағандардың есігі жабық тұратын күн алыс емес.

Қарағанды облысында Ashyq жүйесіне 9 338 бизнес нысаны қосылған, олардың мыңнан астамы – ерікті қатысушылар. Қарағанды облысы қазір «күрең-қызыл» аймаққа жатқызылғанын ескере кетсек, жоба қатысушыларының жұмыс істеу мүмкіндігі туындайды дейді сала мамандары. Қазір Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, InfoKazakhstan.kz сайтында QR-кодтарды алу рәсімін жеңілдетті. Санитарлық дәрігерлермен және «Атамекен» өңірлік өкілдіктерімен келісу талабы процестен алынып тасталды. Өтінім берген сәттен бастап жобаға толыққанды кіргенге дейін кәсіпкерге екі күн қажет. Осыдан кейін мекеме жеті күн бойы тест режимінде жұмыс істейді – дейді облыстық «Атамекен» КП төрағасы Ернар Күлпейісов.

Ал, кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаеваның пікірінше, Ashyq жобасы әу бастан-ақ тиімді екенін көрсеткен. Ол – бұл бағдарлама сүзгі ретінде қызмет етеді, оның мақсаты – қолайлы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жасау және жұқтырған немесе байланыста болған адамдарды қоғамдық орындарға жібермеу. Пилоттық жобаның басында наурыз айында бірінші болып тамақтану нысандары болды. 50 қатысушыдан басталды. Ал шілде айында олардың саны бес есеге өсті – дейді.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН