КӘСІПКЕРЛЕР ӨЗБЕКСТАНДЫҚ ЖҰМЫС КҮШІНЕ ЗӘРУ

Біздің өңірімізде көп қызметті неліктен шетел азаматтары атқарады? Бұл өз еңбек күшімізді пайдалануға қалай әсер етеді? Осы және өзге де мәселелерді Өзбекстан Республикасының жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрінің орынбасары Эркин Мухитдинов пен Қарағанды кәсіпкерлері талқыға салды.

Өңірімізге жұмыс барысымен келген Эркин Мухитдинов жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, халықаралық серіктестік құруға қызығушылық танытты. Қарағандылық кәсіпкерлер де өңірдегі бірқатар компаниялардағы кадр тапшылығын алға тартты. Сол себептен, шетел азаматтарын жұмысқа тартуға тура келеді. Әсіресе, құрылыс компанияларында мұндай жағдай көп кездеседі. Компания өкілдері еңбек миграциясын дамытуды қолға алу керектігін атап өтті. Олардың айтуынша, қазіргі уақытта ала шапанды көрші елден жұмыс күші жүйесіз тәртіпте келуде.

Облыстық көші-қон қызметі департаментінің мәлімдеуінше, полиция қызметкерлері елімізде жүрген шетелдіктерді және заңсыз көші-қон жұмыстарын үнемі бақылауда ұстайды. Департамент мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңірімізде 9610 шетел азаматы тіркелген. Оның 4424-і — Өзбекстан азаматтары. Облыстық соттың шешімімен көші-қон заңын бұзғандардың саны — 109. Оның 56- сы — ала шапанды ағайындарымыз.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Кульпеисовтың айтуынша, 2020 жылдың ауртпалығына қарамастан, облыста кәсіпкерлер жұмысы белсенді дамуда.

— Қазіргі уақытта облыста 90 мың шағын және орта бизнес нысандары бар. Бұл көрсеткіш жыл сайын он пайызға артып келеді. Бүгінде шағын және орта бизнес облыс экономикасына 1,6 триллион теңге беруде. Кәсіпті дамытуға қолайлы жағдайлар жасалып, мемлекет тарапынан қолдау білдірілуде. Өзбекстан азаматтарын жұмыспен қамтуға 78 қазақстандық жұмыс беруші келісімге қол қойған, — деді Ернар Кульпеисов.

«Альфарух» логистикалық орталығының өкілі Павел Ильченко компанияның көрші елмен серіктестік байланыс орнатуы тиімді екенін айтады. Себебі, Өзбекстаннан жемісжидек пен көкөністерді тасу жеңілірек болады.

Өзбекстан Республикасының жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрі көрші ел үшін еңбек миграциясының маңыздылығына тоқталды. — Өзбекстан азаматтарына бүгінде квота өте аз беріледі. Өздеріңіз білетіндей, бізде жұмыс күші көп. Жыл сайын елдегі оқу орындары да өте көп мамандарды даярлап шығарады. Ел аумағы Қазақстаннан бірнеше есе кіші. Ал, халық саны, керісінше, бірнеше есе көп. Сондықтан, біздің жұмыс күшімізге қызығушылық білдіретін елдермен байланыс орнату аса маңызды. Президенттің бастамасымен азаматтарға шетелде жұмысқа орналасуға көмектесетінт арнайы бағдарлама қарастырылған. Қазақстанмен Еңбек миграциясы жөнінде келісім де бар. Бұл біздің жұмыссыз азаматтарымызды еңбекпен қамтуға көмектеседі, — дейді Эркин Мухитдинов.

Облыстық көші-қон қызметі жыл басынан бері өңірде өзбекстандық 3425 еңбек иммигрантына рұқсат берген. Сондай-ақ, 1076 Өзбекстан азаматы үшін Қарағанды тұрғылықты мекеніне айналған. Оның 508-і — этникалық қазақтар.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА