Кәсіпкерге қолдау бар

Елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл үшін кәсіп ашуға ниет білдірген азаматтар тегін оқытылып, 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант та беріледі. Басты мақсат – халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту, жұмыссыздықты азайтып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ету.

Қалалық жұмыспен қамту орталығының дерегінше, мемлекеттік қайтарымсыз грант – бизнес бастауға берілетін бастапқы капитал. Ол қаражатқа кәсіпкер жұмысын жүйелі жүргізуге қажетті құрал-жабдық, жануарлар мен көшеттер, тұқым сатып ала алады. Сонымен қатар үй-жайларды жалға алу ақысын төлеуіне де рұқсат беріледі. Ескеретін бір дүние – мемлекеттік грантты алған соң, ол қаражатты тұтынушылық мақсаттарға, яғни қарыздарын өтеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға, акцизделген өнімдер шығаруға жұмсауға тыйым салынған.

– Гранттар халықтың әлеуметтік осал топтарына олар жұмыссыз немесе жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан кем болатын жеке кәсіпкер ретінде грант беруге өтініш бергенге дейін тіркелген немесе бірыңғай жиынтық төлем төленген жағдайда беріледі, – дейді Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары.

Мемлекеттің қайтарымсыз грантының арқасында кәсіп ашып, бүгінде тасы өрге домалаған кәсіпкерлер көп. Биыл да олардың қатары бірнеше жас кәсіпкермен толықты. Солардың бірі – көпбалалы ана Раушан Омарова.

– Мен «Бастау Бизнестің» екінші толқынында тәлім алдым. Осыдан соң өз бизнес идеямды ортаға салып, 1 225 200 теңге көлемінде грант жеңіп алдым. Осы қаражатқа заманауи стильдегі ұлттық киімдер тігуді қолға алмақпын. Сонымен қатар тігіншілік мектебін ашып, қыз-келіншектерді қолөнерге баулығым келеді. Мемлекетке осындай қолдау көрсетіп отырғаны үшін алғыс білдіремін. Қаламыздағы жұмыссыз азаматтарды білім алып, мемлекеттік грант байқауына қатысуға шақырамын, – дейді кәсіпкер.

Айта кету керек, мемлекеттік грант алуға 18-29 жас аралығындағы жастар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, қоныс аударушылар, қандастар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар, МАӘК алатын аз қамтылған отбасылардың мүшелері қатыса алады. Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.