Кәсіпкерге қолдау – ауылға жақындай түсті

Қарағанды облысында кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын қолжетімді ету мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының мобильді фронт-офисі іске қосылды. Енді аудан тұрғындары мен кәсіпкерлері несие, субсидия немесе бизнесті дамыту бағдарламалары бойынша кеңес алу үшін облыс орталығына қатынамай-ақ, қажетті ақпаратты өз өңірінде ала алады.

Жаңа жоба аясында арнайы жабдықталған мобильді кеңсе қала мен аудандарды аралап, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мұнда жеңілдетілген несие рәсімдеу, субсидия алу, кәсіпкерлік негіздерін оқыту, өнімді маркетплейстерге шығару және бизнесті дамыту бағдарламаларына қатысу тәртібі туралы кеңес беріледі. Сондай-ақ мамандар қолайлы қаржыландыру құралын таңдауға және қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі.

– Біздің міндетіміз – бизнесті қолдау шараларын барынша қолжетімді ету. Кәсіпкерлерге облыс орталығына барып, уақытын да, қаражатын да жұмсаудың қажеті жоқ. Біз өзіміз аудандарға барып, бизнесті дамыту үшін бүгінде қандай мүмкіндіктер бар екенін түсіндіріп, қажетті кеңес береміз, – дейді «Даму» қоры Қарағанды облыстық өңірлік филиалының директоры Мұхамед Абдулин.

Көшпелі қабылдауларға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, Аграрлық несие корпорациясының, «ҚазАгроҚаржының», «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының және екінші деңгейлі банктердің өкілдері де қатысып, кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап береді.

Мобильді фронт-офистің алғашқы кездесулері Осакаров, Нұра, Бұқар жырау, Қарқаралы және Шет аудандарында, сондай-ақ Саран қаласында ұйымдастырылды. Бұл кездесулерге жаңадан кәсіп бастағандар мен өз ісін дамытып жүрген 214 кәсіпкер қатысып, мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде кеңес алды.

Жоба аясындағы жұмыс жалғасады. Тамыз айының соңына дейін мобильді кеңсе Ақтоғай және Абай аудандарында, сондай-ақ Балқаш, Приозерск, Теміртау және Шахтинск қалаларында қызмет көрсетеді.

Мамандардың айтуынша, кәсіпкерлер қолдауды тек көшпелі форматта ғана емес, Бірыңғай фронт-офис арқылы да ала алады. Онда «Даму» қоры мен «Бәйтерек» холдингінің даму институттары ұсынатын барлық бағдарламалар бойынша кеңес беріледі.

Мемлекеттік қолдау өз нәтижесін де көрсетіп келеді. Соның бірі – Ash Textile кәсіпорны. «Өрлеу» бағдарламасының көмегімен кәсіпорын жеке өндірістік ғимарат сатып алып, шағын тігін шеберханасын толыққанды өндіріске айналдырды. Нәтижесінде жаңа жабдықтар орнатылып, өнім шығару көлемі айтарлықтай артқан.

Қаржылық қолдаумен қатар кәсіпкерлерге қаржылық жоспарлау, маркетинг және персоналды басқару бағыттары бойынша тегін оқыту бағдарламалары ұсынылады. Бұдан бөлек, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін маркетплейстерге шығаруға мүмкіндік жасалып, олар серіктес банктердің цифрлық сауда алаңдары арқылы өз өнімдерін еліміздің түкпір-түкпіріне сатуға жол ашып отыр.

Осылайша, Қарағанды облысында кәсіпкерлікті қолдау жүйесі жаңа деңгейге көтеріліп, мемлекеттік қызметтерді бизнеске барынша жақындатуға бағытталған нақты қадамдар жалғасуда.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»