Кәсіп бастаймын десеңіз – мүмкіндікті жіберіп алмаңыз!
Қарағанды облысында кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтар үшін жағымды жаңалық. Аймақта «Бастау Бизнес» жобасы аясында 92 үміткерге 400 АЕК мөлшерінде (1 572 800 теңге) қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр.
Бұл гранттар жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және тұрақты табыс көзіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Әрбір қатысушы грантты тек бір рет ала алады.
Грант алу үшін келесі талаптарға сай болу қажет:
Жаңа бизнес-идеясы болуы керек;
Үміткер тіркелген жұмыссыз немесе кәсіпкерлік тіркеуі 3 жылдан аспаған жеке кәсіпкер болуы тиіс;
Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтардың біріне жатуы қажет:
– мүгедектігі бар адамдар;
– «Қандас» мәртебесі бар тұлғалар;
– өңіраралық қоныс аударушылар;
– аз қамтылған немесе көп балалы отбасылардың мүшелері;
– мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың бірі;
– асыраушысынан айырылғандар.
Сонымен қатар, үміткердің соңғы үш жылда «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өткен сертификаты болуы тиіс.
Өтініштер электронды түрде Портал арқылы қабылданады. Интернетке немесе компьютерге қолжетімділігі жоқ азаматтар үшін жұмысқа орналастыру орталықтарында және ХҚКО-ларда өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары қарастырылған.
Қарағандылықтар үшін бұл – жаңа мүмкіндіктерге жол. Табысты кәсіпкер болуды армандайтын азаматтар үшін осындай қолдаулардың маңызы зор.
Қосымша ақпарат пен кеңесті Мансап орталықтарынан немесе Call-орталық арқылы алуға болады: 8 (7212) 60-50-50, +7 775 644 3580 (WhatsApp).
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»