Кәсібімен көпке үлгі
Нарық заманында қолы қыбырлап, еңбек еткен адам міндетті түрде табысқа қол жеткізеді. Иә, тарихымызда барлық қажеттілікпен үкімет қамтамасыз ететін социалистік кезеңді бастан өткергенбіз. Әйтсе де ондай қоғамда масылдардың саны артып, экономикалық өрістеудің тұралап қалатынын аңғардық. Жаңа дәуірдің жаңалығы – еңбек адамын үлгі тұту. Бүгінгі кейіпкеріміз де – өз еңбегімен көпке үлгі болып жүрген азамат.
Иә, мемлекет қарапайым халыққа «өз күніңді өзің көр» деп сырт беріп отырған жоқ. Қайта кәсіпке баулып, бизнес бастауға барынша қолдау көрсетіп, қажет болса арнайы білім беріп, алғашқы капиталды жеңіп алуға да мүмкіндік ұсынуда. Біздің кейіпкер – қарағандылық Айжан Салимжанова да жас кәсіпкерлерге берілетін облыс әкімінің грантын ұтып алған. Бүгінде сол қаражатқа шағын кәсіп ашып, кондитерлік өнімдер шығаруда. Өзінен бөлек тағы 1 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, отбасын асырап отыр.
Айжан Салимжанова кәсібінен бөлек қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмайды екен. Оның қолынан шыққан тәтті-дәмділерге де сұраныс күн артқан сайын көбейіп келеді. Сондықтан ол өзі қатарлы қыз-келіншектер мен тәтті пісіруге ниет еткен жастарға тегін шеберлік сабақтарын өткізіп жүр.
Жас кәсіпкер көптен ойда жүрген кәсібін бастауға және ілгерілетуге облыс әкімінің гранты айтарлықтай қолдау болғанын айтады.
– Мен 2021 жылы Қарағанды облысы әкімінің грантына өтінім берген едім. Ұсынған жобам қазылар алқасының қолдауына ие болып, грант ұтып алдым. Бұл қаражатқа ең алдымен жұмысқа қажет миксерлер, блендер және жиһаздар сатып алып, жұмысымызды бастап кеттік. Бүгінде тұрақты тұтынушыларымыз да қалыптасып үлгерді, – дейді кәсіпкер Айжан Салимжанова.
Айта кету керек, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, жұмыссыз азаматтарды еңбекке тарту ісі «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылуда.
Арман АБИЛҚАСЫМОВ