Кәсіби шеберліктерін көрсетті

Қарағанды облысында Worldskills Karaganda – 2023 өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты аяқталды. Бір ай бойы жарыс 17 колледжде өтті. Студенттер 45 мамандық бойынша жарысты. Салтанатты рәсімде жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.

Жыл сайын чемпионатқа қатысушылар саны артып келеді. Биыл Қарағанды облысы колледждерінің 277 студенті шеберлік көрсетті. Байқау кірпіш қалау, құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары, сантехника және жылыту, кескіндеме және сәндік жұмыстар, бизнеске арналған IT-шешімдер, ЧПУ станоктарында токарьлық жұмыстар, CAD инженерлік графикасы, прототиптеу, мехатроника және т.б. сияқты мамандықтар бойынша өткізілді. Чемпионатқа 100-ден астам әлеуметтік серіктес пен жұмыс берушілер қатысты.

«CAD инженерлік графикасы» бағыты бойынша Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің үшінші курс студенті Павел Катков алтын медаль жеңіп алды. Ол «Есептеу және бағдарламалау» мамандығында оқиды.

– Біз осы құзыретте тек алты қатысушы болдық. Негізгі міндеттер бөлшектер мен механизмдердің 2D сызбаларын дұрыс оқып, содан кейін осы сызбалар негізінде 3D моделін құрастыру, содан кейін осы бөлшектердің барлық құрамдас элементінің қозғалыс анимациясын жасау болды, – дейді Павел Катков. – Дайындық барысында алған дағдылар маған көп көмектеседі. Чемпионат жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қазір мен республикалық жарысқа қарқынды дайындалып жатырмын. Бір айдан кейін Астанада Қарағанды облысының атынан шығатын боламын.

Чемпионат қорытындысында 129 жеңімпаз бен жүлдегер анықталды. Бірінші орынға 26 студент лайық деп танылды. Олар Қарағанды облысының намысын WorldSkills Kazakhstan – 2023 республикалық чемпионатында қорғайтын болады.