КӨШЕДЕГІ САУДА ҚАЛА КӨРКІН АША МА?

Қарағанды қаласында кәсіпкерлерге жеңілдетілген жер учаскелерін алу мүмкіндігін беретін, «Көше саудасына арналған 100 орын» бағдарламасы жалғасын тауып келеді. Мақсат – көшедегі сауда-саттықты ұйымдастыруға жер учаскелерін бөлу процесін оңтайландыру, көше саудасының қызмет көрсету сапасын арттыру, кәсіпкерлік нысандары үшін әкімшілік процедураларды жеңілдету, қалалық стандарттардың бірыңғай стиліне сәйкес қалалық стандартсыз сауда нысандарында сауда жасау құқығын берудің ашық, қарапайым механизмін құру.

Жоба көше саудасы мен қызмет көрсетудің келесі негізгі түрлерін қарастырады: көкөністер мен жемістерді сату, дайын өнімді сату (сусындар, балмұздақ, фастфуд), тамақ өнімдерін сату (наубайхана, азық-түлік өнімдері), гүлдер сату, газет, кәдесый өнімдері, техникалық қызметтер, тұрмыстық қызметтер.

Былтырға дейін жергілікті атқарушы органдар жыл сайын көше саудасын ұйымдастыруға бір жылдық мерзімге жер учаскелерін бөліп келді. Ал бұл уақыт сауда алаңдарын орналастыруға, жабдықтауға және шығынды жабуға аздық етеді.
«Көше саудасына арналған 100 орын» бағдарламасының тиімді тұсы – қатысушыларға жер 3-5 жыл аралығында жалға беріледі. Бұл шағын кәсіпкерліктің дамуына және қаланың көркеюіне мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметке халықтың өмір сапасын жақсарту және әл-ауқатын арттыру бойынша нақты міндеттерді жүктеді. Соған сәйкес экономиканы көтеру үшін 700 мыңнан астам кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер берілді. Яғни, төлем мерзімдері кейінге шегеріліп, несиені жеңілдікпен қайта қаржыландыру мүмкіндігі ұсынылды. Президент шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің қазіргі барлық несиелерінің 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойынша мемлекеттік субсидия беруді тапсырды. Субсидиялау Төтенше жағдай жарияланған сәттен, яғни 2020 жылдың 16 наурыздан бастап 12 айлық кезеңді қамтиды. Бірақ Президент қазіргі күрделі ахуалға байланысты аталған бағдарламаны жүзеге асыру мерзімін 2021 жылдың соңына дейін ұзартуды және оның аясын кеңейтуді тапсырғанын жеткізді.
Сәуір айының 12 жұлдызында дәл осы мәселе бойынша Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары – Акимжанов Халел Рахимович, Өңірлік Кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары – Калиев Ерлан Куралович, Сарыарқа ӘКК АҚ Активтерді басқару департаментінің директоры – Лисин Владимир Анатольевич, Сарыарқа ӘКК АҚ Активтерді басқару департаментінің директоры орынбасары – Сагинбаев Рустем Сайлаубекұлының қатысуымен арнайы жиын өтті. Олардың пікірінше, белгіленген талаптар жиі бұзылып жатады. Көше саудасы кезінде санитарлық ережелер мен нормалардың сақталуы екі талай. «Стихиялық» сауда орындарында нормативтік талаптарды бұза отырып сатылатын тамақ өнімдері жұқпалы аурулардың пайда болуының ықтимал факторы және қазіргі эпидемиологиялық жағдайға теріс әсер етуі әбден мүмкін екендігін атап өтті.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлерді қолдау мақсатындағы бағдарлама уақытының ұзартылғанын және қосымша 200 миллиард теңге бөлінетінін, сол арқылы бағдарламаның жалпы құны 800 миллиард теңгеге дейін жеткізілетінін айтты. Сондай-ақ шағын және орта бизнес саласындағы Президенттің басқа да тапсырмаларына тоқталды.
Айта кетелік, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы қызметкерлері мен өзге де қадағалаушы органдар көшеден азық-түлік сатып алу қауіпті екендігін айтуда. Көше базаршыларының қолдарында санитарлық кітап, құжаттар жоқ. Тауарлары жерге жақын орналасқандықтан, әрі-бері жүрген көліктердің шаңы бұрқырап бетін жауып жатады. Соған қарамастан көше саудасы қызып тұр. Рейдтер де толастамақ емес.
Көше саудасына қатаң талаптар қойылып, ескертулер жасалғанымен, заң бұзушылықтар кездеседі. Солардың біріне барып, кәсібі жөнінде сұраған едік: -Балаларым жас, жұмыс жоқ, ауылдан осылай қалаға келіп сауда жасауға мәжбүрмін – деп шағымданады «лицензиясыз» бір сатушы атын айтудан бас тартып, – отбасыма кім нан тауып береді?! Көшеде тұрғанмен қанша табыс бар дейсің, ал азық-түлік деген күннен-күнге қымбаттап барады, — дейді.
Әрине, адам қыстың қытымыр аязы мен жаздың аптап ыстығында далада сауда жасауға өз еркі немесе қалауымен бармайтыны анық. Әрқайсысының артында отбасы мен мен бала-шаға, күн көріс пен күнделікті күйбең тіршіліктің өтеуін ақтау мақсаты жатқаны сөзсіз. Алайда, Заң барлығына бірдей. Қала тұрғындары мен саудагерлеріне қазіргі эпидахуалды саралай отырып, барлық талаптар мен нормаларды сақтауларын өтінеміз.

Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»