Көшедегі келеңсіздік
Механическая көшесін бойына су жайылған. Қарағандыда тағы бір су қоймасы пайда болды. Екі жолдың қиылысында су көлшік болып, тұрғындарға да, сол мандағы өндіріс ошақтарына да кедергісін тигізуде. Жүргізушілер бұл жерді қара шұңқыр деп атайды. Көктемнен бері көл-көсір болған келеңсіздік ел наразылығын туындатты.
Тұрғындардың және кәсіп иелерінің шағымын естіп Моторная мен Механическая көшелерінің Т-бейнелі жол қиылысына келдік. Таңқалдырғаны, мән-жайды түсіндіруге келген ер адамдардың бірі жалаңаяқ, бірі тіпті аяқ киіммен жол үстіндегі суға кіріп кете салды. Тұрғындардың айтуынша, мұның бәрі үйреншікті жағдайға айналған. Көліктер үшін дрифт шоуға айналып кеткен бұл жерде қанша көліктің нөмір белгілері де жоғалған. Адамдар бұл мәселеге полицияның назарын аударуды талап етеді. Біздің келген себеп осы дейді.
– Теміржолды су басып тастағаннан кейін біз өндіріліп шыққан бетондарды тасымалдай алмай отырмыз. Тіпті өзіміз де аяқпен су кешіп жүрміз. Жұмыстарымыз жүрмей тұр, жұмыссыз отырғандар қаншама. Зауыттың шығындары да көбейіп барады, – дейді бетон кәсіпорнының қызметкері Михаил Абраменко.
Су тасқыны мәселесі 17 наурызда басталды, дейді жергілікті тұрғындар. Көктемгі еріген қар сулары жылғалай аққан. Жұртшылық су тасқыны маусымын аяқталуын күтті, бірақ күн жылыған сайын, мәселе тек шиеленісе түскен. Теміржол бұл жерде жүк тасымалдаудың негізгі жолы, бірақ мына келеңсіздікте қауіпсіздік техникасы бойынша жолды пайдалануға тыйым салынады.
– Қауіпсіздік үшін келетін автопойыздың өзі судың биіктігінен өте алмай тұр. Себебі, оның астында не жататыны белгісіз. Нағыз қызу жұмыс маусымы басталып кетті. Ал біз әлі осының кесірінен қолымыз байлаулы болып отырмыз. Мына жерде біздің бетон құрылғыларымыздың бәрі тұр. Көтергіштер де, араластырғыш та. Осының іші жартылай су болып тұр, – деді Михаил Абраменко.
Михаилдің базасы су астына кетіп барады, олар барынша жағдайды реттеуге тырысуда. Құрылыс компанияларымен бетон жеткізуге жазғы келісімшарттар жасалды, бірақ бүгінгі күнге дейін қондырғылар іске қосылмаған. Басқа базаларда да дәл осы жағдай.
– Бізде жалпы алғанда 80 ұйым бар, оның бесеуі вагондарымен. Соның бәрі келе алмай тұр, себебі де белгілі. Біз талай жылдан бері жұмыс жасап келеміз. Бұған дейін мұндай жағдай бұл жерде болған емес. ТЖД хабарластық, келді, жазды, сызды, бірақ әлі нәтиже жоқ, – деп атап өтті Машина жасау зауытының өкілі Евгений Пономарев.
Жұмысшылар тиісті өкілетті органдарға хат жазып, қоңырау шалды, кездесті, шыдамдылық танытты және іс-әрекетті күтті, бірақ енді қолдан келер қайыр жоқ дейді. Әрбір жаңбыр апатқа айналуда, жеке сектор тұрғындары өз үй аумағына су жайылмас үшін амал етіп әлек. Өйткені олардың жертөлелері суға кетуде.
– Мынау үлкен мәселе болып тұр. Бұрын болмаған қиындық. Басында судың биіктігі 40 сантиметрге дейін бойлады. Кейін 70-80 сантиметрге дейін көтерілді. Біз қайда бармады десеңізші, бірақ жәй ғана тіркеп жазып қана кетеді, – дейді Научная көшесінің тұрғыны Людмила Жолудева.
– Су әр жақтағы жерде ғана болды. Біздікі құп құрғақ болып жататын. Ана жерлер қалай сатыла бастады, біздің жер солай суға тола бастады, – деді Кислородная көшесінің тұрғыны Галина Фрунзина.
Жергілікті тұрғындардың пікірінше, су тасқынының себебі, олар бұрын су қоймасы болған жерді сатып жіберген. Жердің жаңа иесі су қоймасын жауып тастағаннан кейін, судың осыдан басқа ылдилай ағатын жері қалмаған сыңайлы.
Жердің тым ылғалдылығының кесірінен сол аумақ та құрдымға кетуде. Мәселен, жоғары вольтты мұнараның да барған сайын түбі жұмсарып барады деп налиды тұрғындар. Кешеден бері біз әкімдіктен түсініктеме күтудеміз, бірақ бізге берген бар жауабы – себебін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде, сондықтан әзірге ешкім түсініктеме бермейді.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»