Көшбасшылық активтің көшпелі лагері
Тренингілер, шеберлік сабақтары, шығармашылық кештер және интерактивті ойындар… Көшбасшылық белсенділердің сырттағы лагерінің бірінші маусымы осылай өтті. Оған Теміртау қаласы мен Ақтау ауылы жастарынан 80 белсенді қатысты.
Лагерьдің бірінші маусымы төрт күнге созылды. Алғашқы екі күн зияткерлік және ойын-сауық шараларына толы болса, соңғы екі күн қатысушылардың білімін айтарлықтай кеңейтті.
Жастарға арналған оқыту сабақтарын Мансап орталығының, Өрт сөндіру бөлімінің өкілдері, «күміс» еріктілер мен түрлі қызмет салаларының спикерлері өткізді. Журналист, қалалық мәслихат депутаты Арман Әбілхасымов «Жаңа журналистика» тақырыбын; Ресурстық тіл орталығының маманы Гүлнәр Қадырова «Қазақша сөйле» тренингісін; қоғам қайраткері Елена Ваганова «Өмірге арналған экология» тақырыбын; Ұлттық еріктілер желісінің өкілі Александра Крашинина «Көшбасшылық басқару түрлері» тақырыбын қозғады.
Оқыту алаңдары мен тренингілерден басқа облыстық және республикалық деңгейдегі спикерлермен арқан курсы, «Ғаламды шарлау», «Қазына іздеу» квестісі, «Шам» рефлексиялық іс-шарасы, «STAND up-кеш» ұйымдастырылды. Көшпелі лагерьдің барлық қатысушысы жаңа дүниелер үйреніп қана қоймай, сертификат иеленіп, жаңа достармен танысты.
– Біз әр түрлі тренингіге (ТЖМ, грек биі, экология) қатыстық. Соның ішінде менің есімде ерекше қалғаны – грек билері. Еріктілердің барлығы басқа күндері осы грек билерін биледі. Әрбір кешкі іс-шарада біз түрлі сюжет, би немесе ән дайындадық, осылайша біздің жасақтар достасып, бірігіп кеттік, – дейді лагерьде болған Адина Жапарова.
– Маған экология тақырыбындағы тренинг қатты ұнады. Онда бізге планетамыз туралы және оны қалай қорғау керегі туралы маңызды жаңалықтар айтылды. Біз лагерьде 4 күн болдық және әр күннің соңында дискотека болды, бір сөзбен айтқанда, өте қызық болды, – деп бөлісті өз әсерін Ардана Амангелді.
Көшбасшылық лагерінің салтанатты жабылуында үздік қатысушылар Теміртау қаласы әкімінің алғысхатымен марапатталды.
Жақында лагерьдің екінші маусымы басталады, оған 120 адам қатысады деп жоспарлануда.
– Лагерьдің екінші маусымы 8-12 желтоқсан аралығында өткізілмек. 2-маусымға келесі спикерлер шақырылады: «Ауыл» партиясы жастар фракциясының төрағасы Дәурен Рахымбек «Жас саяси көшбасшы» тақырыбында; «Вечерняя газета» журналисі Светлана Лебедева; республикалық академияның психологі Владимир Алексанин «Көшбасшылардың күйреуі» тақырыбында; ҚХА жастар үйлестіру кеңесінің төрағасы Александр Урмашов «Қарағанды облысының ұлтаралық келісімі» тақырыбында, – дейді ұйымдастырушылар.
Келесі жылы төрт маусым өткізіліп, 400 адамды қамту жоспарлануда.