Күш – білімде, білім – кітапта

Кітапханашылар – білім мен мәдениеттің алтын көпірі. Әр жыл сайын қазан айында атап өтілетін кітапханашылар мерекесі осы мамандық иелерінің еңбегін ерекше бағалауға мүмкіндік береді. Мектеп кітапханашылары оқушылардың рухани және зияткерлік дамуына елеулі үлес қосып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Қарағанды қаласындағы мектеп кітапханалары соңғы жылдары айтарлықтай жаңарып, жаңа талаптарға сай дамып келеді. Қаладағы мектептердің 50%-ында модернизация жұмыстары жүзеге асырылып, кітапханалар жаңа технологиялармен және цифрлық ресурстармен жабдықталуда. Бұл бастамалар кітапханаларды тек оқу орталығы ғана емес, шығармашылық және ақпараттық орталық ретінде қалыптастыруға бағытталған. Модернизация барысында кітап қорлары да жаңартылып, оқушылардың жан-жақты білім алуына қолайлы жағдайлар жасалуда.

Қарағанды мектептерінде бірнеше маңызды республикалық  жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Соның ішінде:

  • «Оқуға құштар мектеп» жобасы оқушыларды кітап оқуға ынталандыруға, кітапханалардың танымдық және мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған.
  • «Біртұтас тәрбие» жобасы тәрбиелік жұмысты күшейтуге және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
  • «Балалар кітапханасы» жобасы балалардың оқу дағдыларын ерте жастан қалыптастыруды мақсат етеді.

Мектеп кітапханашыларының кәсіби білімдерін үнемі жетілдіруі – олардың жұмысының маңызды аспектісі. Қарағанды кітапханашылары өздерінің біліктіліктерін арттыру мақсатында «Алтын ғасыр» оқу орталығы арқылы Түркия мен Грузияда өткізілген семинарлар мен дәрістерге қатысуда. Сонымен қатар, кітапханашылардың біліктілігін арттыруға «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы да үлкен үлес қосуда.

Жыл сайын Қарағанды қаласының білім беру бөлімі ұйымдастырылатын «Үздік кітапханашы» сайысы тек шеберлік жарысы ғана емес, сонымен қатар кітапханашылардың өзара тәжірибе алмасуына үлкен мүмкіндік береді. Сайыста үздік атанған кітапханашылар өз білімдері мен кәсіби шеберліктерін көрсету үшін семинарларға қатысып, әріптестерімен пікір алмасады. Бұл шаралар олардың жұмысын жетілдіруге, жаңа әдістерді меңгеруге және мектеп кітапханаларының қызметін одан әрі жақсартуға зор септігін тигізеді. Осындай семинарлар барысында кітапханашылар кітап оқу мәдениетін дамыту, ақпараттық технологияларды пайдалану, оқушылармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдері туралы тәжірибелерін бөлісіп, өз жұмыстарын кеңінен насихаттайды.

Қарағанды қаласының мектеп кітапханашылары заманауи білім беру жүйесінде маңызды рөл атқарып келеді. Кітапханалардың модернизациясы, кітап қорларының жаңаруы, кәсіби дамудың үздіксіздігі, сондай-ақ, жыл сайынғы «Үздік кітапханашы» сайысы бұл салада жоғары стандарттарды қалыптастыруға көмектеседі. Кітапханашылардың еңбегі болашақ ұрпақтың жан-жақты дамуына, олардың рухани және зияткерлік деңгейін арттыруға зор ықпалын тигізіп отыр.

Құрметті әріптестер!

Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіз бен ізденімпаздықтарыңыз білім мен руханият жолында үлкен маңызға ие. Жас ұрпаққа кітап әлемін ашып, олардың болашағына жарқын жол көрсетіп келесіздер. Сіздердің кітапхана қабырғасындағы қажырлы еңбектеріңіз оқушылардың білім мен тәрбие алудағы сенімді серігі болуда.

Кітапханашылар мерекесі құтты болсын! Дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға шабыт пен толайым табыс тілеймін. Әрқашан еңбектеріңіз жемісті, оқырмандарыңыз көп болсын!

Н. ИТКАРИНА,

Қарағанды ​​қаласының мектеп кітапханашылары

 қауымдастығының төрәйымы