Көру қабілеті бұзылған оқушыларға жүйелі қолдау қажет
Көру қабілеті бұзылған балалардың білім алуында шешімін күткен бірқатар түйткілдер бар. Бұл мәселе Сенат отырысында көтеріліп, Үкімет назарына ұсынылды.
Амангелді Есбай өз депутаттық сауалында инклюзивті білім берудің нақты тетіктерін күшейту қажеттігін атап өтті. Сенатордың айтуынша, қазіргі жағдай оқушылардың оқу үлгеріміне тікелей әсер етіп отыр.
«Нашар көретін балалар мектептерде арнайы жағдайлар мен бейімделген оқу материалдарының тапшылығына тап болады. Бұл олардың тез шаршауына, ақпаратты толық қабылдай алмауына және кеңістікті бағдарлауда қиындықтарға әкеледі», — деді депутат.
Оның пікірінше, мәселені шешу үшін білім берудің барлық деңгейінде ірі қаріппен басылған оқулықтарды енгізу қажет. Сонымен қатар арнайы дәптерлер мен оқу материалдарын орталықтандырылған түрде жеткізу жүйесін жолға қою ұсынылды.
Сенатор сондай-ақ оқу-әдістемелік қамтамасыз етудің бірыңғай ұлттық стандартын енгізу, мектептерді тифлотехникалық және офтальмологиялық құралдармен жабдықтау, әрі оқушылардың көру жүктемесіне бақылауды күшейту маңызды екенін айтты.
Мамандардың пікірінше, мұндай қадамдар ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың тең білім алу құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

