«Күрестің мәні – өз бақытың үшін күресуде»
Биыл еліміз тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өткелі отыр. Содан бері сан саласы даңғыл динамикамен дамыған Қарағандыда спорт саласына баса көңіл бөлінуде. Ел намысын абыроймен қорғап, халықаралық жарыстарда көк туымызды желбіретіп жүрген егемендіктің құрдасы – Максим Фу. Спорт саңлағы, таэквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірнеше дүркін әлем чемпионы жетістікке жетудің құпиясымен бөлісті.
– Таэквондоға қанша жаста бет бұрдыңыз? Осы спорт түрін таңдауға не түрткі болды?
– Саналы ғұмырымның барлығы спортқа арналды. Алғаш рет жаттығу залына бес жасымда табан тіредім. Таэквондошылардың арнайы аппақ киімі мен қап-қара белдігі, жаттығу қимылдары бала көңілімді бірден баурап алды. Сол кезден бері өмірімді таэквондосыз елестете алмаймын. Артымнан ерген екі бауырым да таэквондомен айналысады. Ал қарындасым – үстел теннисінің шебері.
– «Жүйрік болғың келсе – өзіңді қамшыла» дейді. Еліміздің абсолютті чемпионы өз-өзін қалай жігерлендіреді?
– Кез келген салада үздік атанудың кепілі – өз ісіңе деген махаббат. Себебі өз ісіңе, кәсібіңе деген махаббат, құрмет болса, кез келген қиындықты еңсеруге болады. Мәселен, таудан сарқырап аққан өзен жолында кездескен қиындықты суымен нәрлендіргеніндей, өз ісін сүйетін жан да бәрін жеңе алады. Әр жеңістен кейін келесі белесті бағындыруға асығасың. Әуелі – қалалық кезең, кейін – республикалық, Азия, әлем чемпионаттары сынды жаңа мақсаттар пайда болады.
– Қолыңызды бір-ақ сілтеп бәрін тастап кеткіңіз келген кез болды ма?
– Әрине, болды. Алғашқы екіүш жыл ешбір күресте жеңе алмадым. Сегіз жасымда бірінші рет республикалық сайыста жүлделі орынға ие болып, үйге мақтау қағазымен келгенде, ата-анамның өзі таңғалды. Сол жылдары «менен чемпион шықпайды» деп жаттығу залынан қаша бастадым. Бірақ жеңістің тәтті дәмі биіктерге жетелей түсті. Бала болғандықтан өзіңе не керектігін білмейсің. Әсіресе ойын жасында басқалар сияқты аулада емін-еркін жүгіріп жүргің келеді. Әкем – спорттан ауылы алыс емес жан. Үстел теннисінен Қазақстан чемпионы. «Екі кеменің басын ұстаған – суға кетедіні» құлағыма құйып өсірді. «Нақты бір жолда аянбай еңбек етсең – нәтижеге жетесің», – дейтін. Тіпті талай рет таяқтың ұшын да жегенмін. Кейбіреулерге мұндай тәрбие ұнамас. «Бала өз қалауын жасайды» дейтіндер де аз емес. Бала қазір балмұздақ жегісі келсе, жарты сағаттан кейін кәмпитке әуесі кетеді. Өзінің нақты не қалайтынын білмейді. Осыны түсініп, дұрыс жол сілтей білген ата-анама алғысым шексіз.
– Спорттан басқа қызығушылықтарыңыз бар ма?
– Шынымды айтсам, бұл туралы ойланып та көрмеппін. Өйткені менің бар қызығушылығым, сүйікті ісім, жұмысым, барым – таэквондо. Оқушы кезімде футболдан мектеп намысын қорғап жүрдім. Тіпті он бес жасымда «футболға ауысамын ба?» деген де ой болды. Әкем – атап өткендей, теннисші. Бәлкім, мен де оның жолын қуып не теннисші, не футболшы болар едім. Бірақ кім болсам да, спортсыз өмірімді елестете алмаймын.
– Сіз үшін қиынға соққан жекпе-жек?
– Жиырма бес жылда өткізген жекпе-жектерімнің нақты санын білмеймін. Бірақ жеңіске жетпесем де, қиынға соққан, есте сақталғандары бар. Мәселен, аяқта жарақат болған кездегі күрес – ең ауыр кездесулердің бірі. Қарсыласыңмен де, жарақатыңмен де күресуге тура келеді. Қазір ойласам, жекпе-жектен бас тартуға да болатын еді. Алайда ел намысын қорғап барған соң, ол кезде шегінуге жол жоқ болды.
– Күшіңізді боз кілемде емес, көшеде пайдаланып көрдіңіз бе?
– Өте сирек. Өзімді қорғау үшін ғана бір-екі жағдай болды. Не дегенмен, біз спортпен көше бұзақысы, «сынып атаманы» болу үшін айналыспаймыз. Теннисшілер көшеде ракеткаларымен біреуді ұрмайды ғой. Сол сияқты, біз де күшімізді тек сайыстарда, жаттығу алаңында көрсетеміз.
– Чемпион болуды армандадыңыз ба?
– Барлық спортшының арманы – жеңіс тұғырынан көріну. Бірақ спортта бастысы – жеңіс емес, ерік-жігер. Мен осындай жеңістерге жетпесем де, спортты тастамас едім. Себебі спорт – ең алдымен тамаша тәрбие құралы. Мысалы, таэквондо мені үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен, қарсыласқа сыйластықпен қарауды үйретті. Жаттығу болсын, күрес барысы болсын, спорт залына кірген бетте біз бір-бірімізге басымызды иіп амандасамыз.
«Күрестің мәні – жеңіс пен жеңіліс емес. Оның мәні көрерменнің алдында өз бақытың үшін күресуде», – дейді Қажымұқан атамыз. Жеңіс спортшыға арман болуы мүмкін, бірақ басты құндылық емес.
– 2008 және 2019 жылдары Әлем чемпионатында жеңіске жеттіңіз. Бұл – спортшы жете алатын ең биік шың. Әрі қарай не істеймін деген ой болды ма?
– 2013 жылдан бері өз қатарластарымнан сайыстарға жалғыз шығып жүрмін. 2008 жылғы жеңістен кейін ешкімге ештеңе дәлелдеудің қажеті жоқ болып қалды. Бірақ мен басқалар үшін емес, өзім үшін спортпен айналыстым. Жас буын бізге қарап үлгі алады. Біз де кезінде аға буынға қарап өстік. Сол себепті тоқтамаймын деп шештім. Жасөспірімдер санатынан аға буынға өткенде жауапкершілік те арта түседі. Тәжірибелі, тісқаққан спортшы ретінде алаңға шыққанда сенің мақсатың, көзқарасың мүлдем басқа болады. Жеңіске жеткеннен кейін не болатынын өзім де ойламайтынмын. Сол кезде менің жеңбеген турнирім қалмады. Азия, әлем чемпионаттарында екі рет жеңіске жеттім. Көбі Әлем чемпионатынан кейін спорттық мансабына нүкте қойып жатады. Ал мен, керісінше, мол тәжірибеммен бөлісуді жөн көрдім. 2020 жылы басталған пандемия кезінде қатты ойландым. Жылдар өткен сайын мен жасармайтынымды саналы түрде түсіндім. Карантинде екі жыл уақытым босқа өткендігі ішімді ашытты. Әлі де физикалық тұрғыда мықтымын. Маған халықаралық дәрежелердегі сындарға дайындық барысы, атмосфера, іштегі күйім – бәрі ұнайды. Оған қоса 2020 жылы біз Еуропалық федерацияға қосылдық. Демек, біз енді Еуропа чемпионатында да бақ сынай аламыз. Сондықтан жеңісті күндер әлі алда.
– Әдетте спортпен шұғылданатын оқушылардың оқу үлгерімі төмендейді. Қандай оқушы болдыңыз?
– Сауатсыз спортшы жетістікке жете алмайды. Білімсіз діттеген мақсатқа қол жеткізу мүмкін емес. Кез келген табысты адамға керек дүние – білім. Алтыншы сыныпқа дейін оқуда озат болдым. Кейін халықаралық аренаға шыға бастаған соң, физика, химия сынды пәндерден бағам төмендеді. Орта буынды аяқтағанда, екі пәннен ғана «3» деген баға болды.
– Спорттағы тактикаларды күнделікті өмірде пайдаға асырасыз ба?
– Өмірімдегі барлық жағдайды спортпен байланыстырамын. Өмір – күрес. Ол – өмірлік мақсат, ол – тағдыр жолы. Біреу үшін жеңіс, біреу үшін жеңіліс, біреуге сәттілік, біреуге сәтсіздік. Алайда бір мақсат пен бір арман күрес әлеміне жетелейді. Ол әлемде тынымсыз еңбекпен келген жеңістің дәмін татқандар көп.
– Бапкеріңіздің немесе әкеңіздің қандай сөзі жекпежек барысында есіңізге түсіп, қанаттандырады?
– Бапкеріммен де, әкеммен де бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз. Жекпе-жек барысындағы бір ғана көзқарасында қаншама сөз бар. Күрестен кейін келіп жай ғана құшақтағандағы сезім бір бөлек.
– Қазір жаттықтырушысыз. Болашаққа қандай жоспар бар? Спорт мектебін ашу ойда бар ма?
– Елімізде дәл мұндай тәжірибелі спортшылар аз. Бар жоспарым – осы тәжірибеммен бөлісу, шәкірт тәрбиелеу. Спорт мектебін ашу туралы ойламаппын да. Себебі өзім жаттыққан таэквондо федерациясында өмірімнің тең жартысы өтті. Ол – менің екінші үйім. Өз үйіме тек ұйқы үшін ғана баратын сияқтымын. Сондықтан осы қара шаңырақта балаларды спортқа баулитын боламын.
– Шәкірттеріңізге, балаларыңызға қаншалықты қаталсыз? Сізден қорқа ма?
– Мен бапкерімнен қатты қорқатынмын. Өсе келе ол сыйластық пен құрметке ұласты. Тәртіп бар жерде тірлік те тиянақты. Сол үшін барынша қатал болуға тырысамын. Туған қызыма да қатал қараймын. Алты жаста болса да, үстел теннисімен, физикалық дайындық үшін таэквондомен айналысады. Қисық өскен ағашты түзету мүмкін емес.
– Қаламызда спортшылар үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
– Қарағанды – қазақ спортының қара шаңырағы. Спорттың қандай түрі болмасын жерлестеріміз қайсарлық пен жігерімен көзге түсіп, сан сайыста жеңіс тұғырынан көрінуде. Егер спорттың дамуына жағдай жасалмаса, мұндай нәтиже де болмас еді. Қарағанды құрамасы – елдегі ең мықты команда. Қазіргі кезде қарағандылықтар салауатты өмір салтын насихаттап, спортқа баулу жұмыстарымен айналысып, қазақ спортының дамуына зор үлесін қосып жатыр. Талай додаларда бақ сынасып, маңдайлары жарқырап, алға шығатындықтарына сенім зор.
– «Тәуелсіздік» ұғымын қалай түсінесіз? Сіздің өмір жолыңызға қалай әсер етуде?
– Жеңіс трибунасында, өзге ел аспанында асқақтаған көк туымызға қарап, шырқалған әнұранымызды тыңдап тұрғанда тәуелсіздіктің тәтті дәмін сезінемін. Сол сәтте қанша жылғы қиындықтарыңды ұмытып, үш минут шын бақытқа бөленесің. Себебі мен қазақпын. Спортта «ұлт» деген ұғым жоқ. Қазақстаннан бардың ба – қазақсың. Біздің құрама – сан алуан ұлтты ынтымақ бесігінде тербеткен жалғыз команда. Әлемдік аренада тәуелсіз елдің намысын қорғағанда кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Алайда өз басым эмоцияға сараң адаммын. Бұл сезімнің бәрін көрсете де, сөзбен айтып жеткізе де алмаймын.