КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРДЫҢ БАЛАЛАРЫ ТЕГІН СҮНДЕТТЕЛДІ

“Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығы мен Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы бірлесіп «Тегін сүндеттеу» акциясын өткізді.

2019 жылдан бастап Қарағанды қаласында көп балалы отбасылардың балаларын тегін сүндеттеу акциясы қолға алынған. Жыл сайын тамыз айында, «Облыстық балалар клиникалық ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны мамандары тұрмысы төмен отбасылардың балаларын тегін сүндеттейді.

Бұрындары баланы көбіне ауыл молдасы сүндеттейтіні белгілі. Бірақ соңғы кезде хирургиялық әдістерге жүгінетін қазақстандықтардың саны артып жатыр. Біреулер хирургиялық әдісті қауіпсіз деп санаса, тағы біреулері бала ота арқылы ауырсынуды аса сезбейді деп айтып жатады. Екі бірдей атқа мінерін дәрігерлерге сеніп тапсырғандардың бірі – көп балалы ана Аяулым Әділбекова. Айтуынша, бес және жеті жастағы ұлдары осы күнді асыға күткен.

— Бес баланың анасымын. Үш ұлым бар. Екеуі мұсылман атанбақ. Осындай мүмкіндік беріп отырған “Шаңырақ” көп балалы аналарды қолдау орталығына алғысым шексіз. Балаларыма бұл ғұрыпты түсіндіру қиынға соқпады. Екеуі де “жаңалықты” естігеннен, бүгінгі күнді асыға күтті. Облыстық клиниканың дәрігерлеріне де көп рақмет. Аурухананың атынан қорқатын балаларыма дәрігерлердің жылы жүздері сенімділік сыйлады,- дейді ана.

Асыл есімді бес жасар батыр да ота жасау бөлмесіне батыл қадам жасады. Басқа балалардай, анасын іздеп жыламады да. Қолынан жетектеген дәрігердің жанарынан тек мейірім сезгендей.

Кейінгі кездері дәрігерлер қауымы сүндетке отырғызу рәсімін xалықтың тілі — лазермен, медицинаның тілі — электркоагулятормен күйдіріп-кесіп жасайды. Бұл тәсілдің балаға ешқандай зияны жоқ. Керісінше, оның артықшылықтары бар. Мысалы, біріншіден ол уақытты үнемдейді, екіншіден қан көп шығармайды, ал үшіншіден тігісі аз болады.

— Процесс шамамен он бес минутқа ғана созылады. Бір ғана тамыз айында жыл сайын 70-80 бала сүндеттеледі. Биыл үшінші жыл қатарынан облыс әкімдігінің қолдауымен аталмыш акция жалғасып келеді. Пандемияға байланысты, күніне үш отбасының балаларын қабылдаймыз, — деді облыстық балалар клиникалық ауруханасы басшысының орынбасары Жанат Елубаев.

Сүндеттеудің нақты белгіленген бағасы жоқ. Бұл қызмет мемлекеттік ауруханаларда 15-20 мың теңге төңірегінде. Бірақ кейбір жеке клиникаларда бекітілген бағасы бар екен. Ол 15000 — 30000 теңге аралығында болуы мүмкін. Жекеменшік емхананың арнайы сертификаты бар маманы бір баланы 15-20 мың теңге аралығында сүндеттеп береді. Сондықтан, аталмыш шара көп балалы және аз қамтылған отбасыларға қаржылай көмек көрсетуде үлкен рөл атқарады.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, QH.