Күн тәртібінде – ел бірлігі
Қарағанды Достық үйінде Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында «Татулық пен келісім – әділетті Қазақстан дамуының негізі» атты дөңгелек үстел өтті. Жиында этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жастар мен жұртшылық этносаралық келісімді нығайту әлеуетін және жаңа, толерантты қоғам құрудың алдағы қадамдарын талқылады.
– Ел Президенті Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында өзара түсіністікті нығайту және Қазақстан халқын одан әрі шоғырландыру үшін практикалық қадамдардың маңыздылығына назар аударды, ҚХА жұмысының бағыттарын белгіледі, – дейді Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев. – Біз облыстық Ассамблеяның жұмысын Мемлекет басшысы айтқан жаңа міндеттерді ескере отырып құруымыз керек. Бүгінде облыстағы ҚХА жанынан аналар, кәсіпкерлер, медиация, жастар қанаты құрылды және табысты жұмыс істеуде. Мұның бәрі Ассамблеяның түрлі этнос өкілдерін ғана емес, бүкіл қоғамымызды біріктіретінін көрсетеді.
Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі Вилен Молотов-Лучанский тәуелсіздіктің ең жақсы жетістіктеріне және ата-бабаларымыздың көп жылдық тәжірибесіне негізделген жаңа қоғам құру қажеттілігі туралы айтты.
– Біздің қоғамдық санамызға реформа қажет. Ұлттық бірегейлік – біздің жұмыстың негізгі мақсаттарының бірі, – деді Вилен Молотов-Лучанский. – Басында әділ Қазақстанның құндылықтары тұруы тиіс. Біз оларға нақты істермен ұмтылуымыз керек. Сарапшылар қауымдастығы мен Ассамблеяның, қоғамдық ұйымдардың белсенділері бүгінде ел болашағының прототип-моделін жасай алады. Бұл біздің қызметтің ұзақмерзімді бағдарламасы болуы керек.
Ел қауіпсіздігі және халықтың әл-ауқаты үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңыздылығын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев атап өтті.
– Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру үшін үнемі мақсатты идеологиялық және профилактикалық жұмыстар жүргізілуі тиіс, – деп есептейді Мұрат Төлеубаев. – Бүгін облыстық Ассамблея өкілдері бұл жұмысқа белсенді қатысуда. ҚХА мүшелері департаменттің ақпараттық тобы спикерлерінің пулына кіреді
Дөңгелек үстел соңында облыс басшысының атынан қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысқаны және жаңа қазақстандық қоғам құруға қосқан үлесі үшін «Lituanica» ҚБ жастар қанатының жетекшісі Вида Грейчутаға, «Гудвил» ЖШС заңгері Константин Дикке, «Намус» Әзербайжан ұлттық-мәдени орталығы» ҚБ жастар қанатының жетекшісі Шахиу Наибовқа, «Мәміле» сөйлесу клубының оқытушысы Ольга Тим және №3 көпсалалы аурухананың амбулаториялық-емханалық қызметінің басшысы Анатолий Красножонға алғысхат табысталды.
Өз тілшімізден