«Күміс жас» жобасы кімге арналған?

Жыл басынан бері «Күміс жас» жобасы бойынша Қарағандыда 47 адам жұмысқа орналастырылды. Зейнет жасына дейінгі адамдар үшін өңірде барлығы 534 бос жұмыс орны қарастырылған.

«Күміс жас» жобасына қатысушылар – зейнеталды жастағы жұмыссыз адамдар. Бағдарлама аясында зейнеткерлікке шығуға 2 жыл қалған азаматтар уақытша жұмыспен қамтылады.

Жобаға қатысушылар жалақысының жартысын мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді. Салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы мен банк қызметтерін ескере отырып субсидияның ең жоғары шегі – 30 АЕК. Экологиялық үстемеақы бойынша төлемдер есепке алынбайды. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Егер де айлығы 200 мың болған жағдайда, 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді.

Жобаға қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Бұл мерзім аяқталған соң, жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті.

Жобаға бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан, салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты аударатын, сондай-ақ жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатысады.

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кейбір мәселелері туралы бұйрыққа сәйкес, «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін, зейнеталды жастағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастыруға міндеттеледі. Тұрақты жұмысқа қабылдаудан бас тартса, мемлекет есебінен төленген жалақының субсидияланған бөлігін бюджетке өтеуге міндетті.

Қосымша жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындарынан тыс және тұрақты жұмыс орындарына арналған бос жұмыс орындарынан тыс ашылады. Мұндай жұмыс орындары ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда, Ұлттық кәсіптер классификаторына сәйкес біліктілігі төмен қызметкерлердің 9-тобына жататын мамандықтар мен кәсіптер бойынша құрылмауы шарт.

Естеріңізге сала кетейік, «Күміс жас» жобасы кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»