Көмірді қазірден түсіріп алыңыз…
Жаздың әр күні қыстың жүз күніне татитын маусымда елдің отын-суын, жем-шөбін қазірден қамдап қоюы маңызды. Әйтпесе, қыстың қысыл-таяң күнінде қиындықтар туындап қалуы мүмкін.
Қарағанды облысында энергия көздеріндегі жабдықтарды жөндеу жалғасуда. Барлық станция көмір жеткізуге келісім-шарттар жасасты, қоймаларға отын әкелу басталды. Облыс тұрғындарына көмірді қазірден түсіріп қою керектігі айтылды.
– Алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша шараларды орындау 78%-ды құрайды. 472 бірлік жергілікті жылу көздері, 1 800 шақырымнан астам инженерлік желілер, 894 әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысан және 4 388 көпқабатты тұрғын үй дайындығы қамтамасыз етілді, – деп мәлімдеді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев аппараттық кеңесте.
Облыстың энергия көздерінде негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу жалғасуда, көмір мен мазут сатып алынған. Жергілікті көздер мен халықтың қажеттіліктері үшін көмір жинақталуда. Аймақ басшысы бағаны көтеру туралы сөз байласу болмас үшін сату пункттерін бақылауды тапсырды.
Сондай-ақ, жылыту маусымына дайындық барысы туралы қала әкімдері есеп берді.
Қарағандыда екі ЖЭО-да 9 қазандық пен 6 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 4 қазандық күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Барлық жұмыс кесте бойынша жүргізілуде, деп хабарлады Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов.
– Қалада барлық қайталама гидравликалық сынақ өткізілді. Қазір анықталған ақаулар жойылуда. 2 582 көпқабатты тұрғын үйдің ішінен 1 938-і қысқа дайын. Бірқатар проблемалық үй анықталды. Олардың саны – 15, бұл үйлер бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысандар үшін сатып алынатын көмірдің сапасын тексеру жөніндегі комиссия құрылды, – деді Мейрам Кожухов.
Биыл үшінші жылу шығару құбырын іске қосу көзделіп отыр. Сонымен қатар биыл орталық жылытуға үш әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысан және Пришахтинск шағынауданындағы Шахтер кентінің 40-қа жуық тұрғын үйі қосылады.
Өңір басшысы басқарма басшылары мен барлық деңгейдегі әкімдерге жылу беру маусымына дайындық кезінде әр мәселеге дербес жауапкершілік артылатыны туралы еске салды.
– Жылумен жабдықтау мәселелері ерекше бақылауда. Сіздердің әрқайсыларыңыз жеке жауап бересіздер. Күзгі-қысқы кезеңге тіршілікті қамтамасыз ету объектілері мен тұрғын үй қорын сапалы даярлауды қамтамасыз ету қажет. Көмірді жергілікті жылу көздеріне уақтылы жеткізуді ұйымдастыру керек. Халықпен көмірді алдын ала сатып алу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Энергетикалық қадағалау департаменті станциялық жабдықтар мен электр беру желілерінің жылу беру маусымына дайындығын ерекше бақылауға алуы тиіс, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Осы орайда Қарағанды қаласында көмірді қайдан сатып алуға болатыны жайлы ақпарат бере кетейік. Сату нүктелері төмендегі кестеде көрсетілген.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»