Көмекшіге өтемақы төленеді

Қарағандыда коррупцияға қарсы қызметтің араласуынан кейін мүмкіндігі шектеулі жандарды санаторлық емдеуге апаратын көмекшілерге бір реттік өтемақы төленетін болды.  Бұған дейін мұндай мүмкіндік болмай, көмекшілер өз қаржысына жүруге мәжбүр болған.  Бұдан өзге аталған қызмет өкілдері мен жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының бірлескен жұмысы нәтижесінде курорттық емдеуге баратын жандар бұрынғыдай екі мәрте қатарынан  медициналық куәландырудан өтпейтін болды.

Раиса Корякина  осыдан 6 жыл бұрын миына қан шапқаннан кейін 1-ші топтағы мүгедектер санатына өткен. Қазір жылына бірнеше мәрте реабилитациялық оңалтудан өтіп тұруы керек. Денесінің жартысына жуығының қимыл-әрекеті қиындық тудырғандықтан көмекші ауадай қажет. Бірақ осыған дейін олардың қызметі төленбейтін еді.  «Жолда жалғыз жүру өте қиын. Киім салынған чемодан бар, оны көтеріп жүру керек. Тіпті купеге отырсаңда төсегіңді сала алмайсың. Күнің басқа адамға қарағаннан кейін жағдайың да түсінікті ғой. Бір қолыммен ештеңе істей алмайтынмын. Енді көмекшімді алып жүретін мүмкіндік туды. Бұл өте үлкен көмек»- дейді ол.

Атап өткен жөн, көмекшіге берілетін өтемақы пилоттық жоба ретінде тек Павлодар, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында ғана қуатты.  Өзге өңірлерге енгізу үшін қолданыстағы заң өзгеруі тиіс. Мысалы коррупцияға қарсы қызмет жұмысынан кейін 28 көмекші шамамен 5 млн.теңге көлемінде тиісті қаржысын алған. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ермек Нүкісов биылғы жылдан бастап еңбек және халықты әлеуметті қорғау министрлігі ұсынысымен депутаттар бекіте отырып, мүгедектігі бар балалардың ата-анасына курорттық-санаторияның 70 пайызын өтеу жөнінде заңына тиісті өзгеріс енгізілді. Ал, 1-топ мүгедектеріне тиісті өзгерту енгізілген жоқ. Бірақ, тиісті ұсыныстар жіберілген болатын- деп отыр.

Жалпы, аталған салада бармақ басты көз қысты әрекеттер көп. Жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері осылай дейді. Мысалы Қарағанды облысында соңғы 5 жылда халықты әлеуметтік қорғау саласында 25 қылмыстық іс қозғалған. Салдарынан 11 адам жауапкершілікке тартылған. СЖҚІҚА облыстық департамент басшысының орынбасары Арслан Мыңғышевтің сөзінше  негізінен қылмыстық істің барлығы мүгедектерге группа беру мәселесі, созу мәселесі бойынша анықталған. Қарағанды облысы бойынша еңбек департаменті қызметкерлері тіптен мүгедектердің мерзімін заңсыз созып, 200 мың теңгеге дейін заңсыз сыйақы алған.

Атап өткен жөн, өткен жылы 117 бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың көмекшісіне әлеуметтік көмек көрсетілген.  Сондай-ақ  мүгедектігі бар 21 баланың ата-анасына көмек берілген. Оның жалпы сомасы 14 миллион теңгені құраған.

Расул МҰХАММЕД,
«QH»