Көлікті кәдеге жарату

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде көлікті кәдеге жарату алымы мәселелері жөніндегі петицияны қарау үшін жұмыс тобының құрамы бекітілді. Утилалымды қайта қарау жөніндегі комиссия құрамына петиция бастамашысы кіреді. Естеріңізге сала кетейік, петиция қажетті 50 мың дауыс жинаған болатын.

Кәдеге жарату алымы автоөнеркәсіпті қолдауға емес, мерзімі өткен автомобильдердің шикізат ретінде қайта өңдеуге жұмсалуы тиіс екенін қазақстандықтар бірнеше жылдан бері айтып келеді. Олар өздерінің қолтаңбаларын ресми түрде жарияланған петицияға қойды және Көлік министрлігі кәдеге жарату құжаттарын қайта қарайды. Жұмыс тобына Парламент депутаттары, Өнеркәсіп және құрылыс, Экология және табиғи ресурстар, Қаржы, Ауылшаруашылығы, Цифрлық даму, Инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Мәдениет және ақпарат вице-министрлері, Сыртқы істер министрінің орынбасары, сонымен қатар сарапшылар, өнеркәсіпшілер, қоғам белсенділері және петиция авторы кіреді. Өтініш тіркелген сәттен бастап 40 жұмыс күніне дейін қаралуы тиіс. Қазір осы мерзімнің бір аптасы өтті.

– Ең алдымен елдің, мемлекеттің мүдделері сақталатын болады. Қазір бізде 20 миллион халық және 5 миллионнан астам автомобиль бар. Қандай да бір себептермен көлігі жоқ адамдардан «ескі көліктердің осында жүруін қалайсыз ба?» деп ешкім сұрамайды. Біз ескі көлік қоқысына айналамыз ба? – деп атап өтті ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»