Көлеңкедегі еңбек: Қарағандыдағы мигранттар мәселесі
Қарағанды облысында қанша мигрант заңсыз жұмыс істейтінін нақты айту қиын. Статистика жоқ – олардың тек төрттен бірінде ғана еңбек визасы немесе жұмысқа рұқсаты бар. Дегенмен, қоғам белсенділері мен сарапшылар «елес-адамдар» деп аталатын бұл еңбек күшінің жағдайын зерттеп, олардың құқықтық тұрғыдан қаншалықты қорғаусыз екенін анықтауға тырысты.
Қоғамдық қор қызметкерлері облыстың құрылыс нысандары, дәмханалар, базарлар мен қонақүйлерін аралап, мигранттар мен жұмыс берушілерді сауалнамаға тартты. Нәтижесінде, шетелдік жұмысшылардың төрттен үші еңбек шартын жасасқанымен, көбінде ол тек ауызша рәсімделетіні белгілі болды. Жұмыс берушілердің басым бөлігі – жеке тұлғалар, ал мигранттардың тек 3%-ы заңды ұйымдарда жұмыс істейді.
Оксана Тарабукина, адам саудасы мен заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық қордың төрайымы, жағдайды былай түсіндіреді: «Қоғамдық тамақтандыру саласында шетел азаматтарына квота немесе жұмысқа рұқсат берілмейді. Білікті маманды ресми түрде жұмысқа алу қымбатқа түседі – шамамен бір миллион теңге. Сондықтан көптеген жұмыс беруші мигранттарды туыстарының атына рәсімдеуге мәжбүр».
Шетел азаматтарын жұмысқа алуға арналған квоталар тек 9 мамандыққа ғана, және олар облыс орталықтарындағы ұйымдарға ғана қолжетімді. Ал жеке тұлғалар мигранттарды үй шаруашылығына – үй қызметшісі, күтуші, тазалаушы немесе малшы ретінде жалдауға рұқсат алады. Алайда көп жағдайда оларды құрылыс алаңдары мен фермаларда заңсыз жұмыс істетеді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің бас сарапшысы Дана Иманғалиева салық мәселесін атап өтті: «Көп жағдайда заңды тұлғалар салық төлеуден жалтарып, мигранттар жеке табыс салығын төлегенін көрсетеді. Биылдан бастап олар ай сайын 4 АЕК төлейді. Салық мөлшерін төмендетуге қатысты сұрақтар жиі түседі, бірақ қазіргі жүктеме қолайлы».
Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін мигранттар депортацияланады. Ал шетелдік жұмыс күшін рұқсатсыз жұмысқа алған жұмыс берушілерге әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Дидар Алмахин, Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы, атап өткендей, «Орталық Азия елдерінен келетіндер саны өте көп. Көбіне салық төлеуден жалтарып, әкімшілік құқықбұзушылықтарға, тіпті қылмыстық әрекеттерге жол береді».
2020 жылдан бері облыста адам саудасы құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары жоқ. Мигранттар жиі еңбек құлдығына ұшырайды, ал жұмыс берушілер бюрократиялық рәсімдерді жеңілдетуді сұрайды. Қоғамдық ұйым өкілдері шетелдік жұмыс күшін заңдастыру Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігі үшін маңызды екенін ескертеді. Қазіргі таңда заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірленуде.
Бұл мәселе тек заңсыз еңбекпен шектелмей, әлеуметтік теңсіздік, адам саудасы және еңбек құқығының қорғалмауымен тығыз байланысты. Мигранттардың құқықтық мәртебесін реттеу – тек олардың ғана емес, қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін де қажет.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»


