Күл төгу алаңы қауіпті ме?
Қарағанды қаласы аумағында күл төгетін орын салынады. Бұл – табиғи қажеттілік. Өйткені алты ай қыс болатын Арқада жылу маусымын ойдағыдай өткеру үшін тонналаған көмір жағылады. Ал көмір бар жерде күл болатыны түсінікті.
Қалада күл төгу алаңын салу бастамасына қарапайым тұрғындар алаңдаушылық білдірген болатын. Бұл сауал қала әкімі Мейрам Кожуховтың Пришахтинск тұрғындарымен кездесуінде де қызу талқыланды. Шаһар басшысы тұрғындармен бірге құрылыс алаңына барып, жағдайды бірге бағамдауға сөз берген-ді.
Қала әкімі күл төгу алаңы құрылысына жергілікті тұрғындармен, белсенді азаматтармен және мәслихат депутаттарымен бірге барып, көптің көкейіндегі сауалдарға жауап берді.
– Жаңа күл төгу алаңын салу – қажеттілік. Бұл ретте шаң-тозаңның астында қаламыз деп қорқу орынсыз. Өйткені күл үйілмейді. Мұнда әкелінген соң сумен араластырылып, шұңқыр түбіне шөктіріледі. Егер оны салмайтын болсақ, онда 500 мыңнан астам халық тұратын қала жылусыз қалады, – дейді қала әкімі.
Мейрам Кожухов алдағы уақытта да бұл мәселені назарда ұстауға уәде берді.
Айта кету керек, бұған дейін «Қарағанды Энергоцентр» компаниясының өкілдері Ә.Бөкейхан ауданы аумағында күл төгу алаңын салуға берілген орынның барлық талапқа сай келетінін хабарлаған болатын. Талап бойынша, мұндай нысандар тұрғын үйлерден 300 метрден астам қашықтықта болуы тиіс. Ал құрылысқа берілген аумаққа ең жақын орналасқан тұрғын үй 450 метр жерде тұр.
ЖЭО-3 қалдықтарын шығарып отырған алаң пайдалануға 1992 жылы берілген. Оның әу бастағы жоспарланған қуаттылығы толық сарқылды. Сондықтан қаланы жылумен қамту үшін жаңа алаң салу қажеттілігі туындаған.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«QH»