Көкжөтел неге өршіп кетті?

Аймақта қызылша жағдайы енді тұрақталып келе жатқанда, көкжөтел пайда болды. Жыл басынан бері көкжөтелдің 66 жағдайы тіркелген. Мамандар сөзіне қарағанда, көкжөтел екпе алудан бас тарту салдарынан өршіп отыр.

Осы орайда Қарағанды облысы бойынша Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин сұхбат беріп, облысымыздағы көкжөтелдің таралуы мен вакцинацияның маңыздылығы жайлы баяндап берді.

Юрий Леонидович, өңірімізде көкжөтелдің эпидемиологиялық жағдайы қандай?

– Облыста көкжөтел 2023 жылдың қараша айынан бастап тіркелуде. 2024 жылғы 28 наурыздағы жағдай бойынша, көкжөтелдің 66 расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны 59 (98,3%). Көкжөтел Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы және Ә.Бөкейхан аудандарында, Саран, Теміртау қалаларында, Бұқар жырау, Шет, Абай, Қарқаралы аудандарында тіркелуде. Негізінен 14 жастағы балалар ауыруда, олар 97,0%. Науқастар арасында екпе алмаған және вакцинация курсын толық өтпеген балалар басым, олар 91%-ды құрап отыр.

– Егер аурудың алғашқы белгілері ЖРВИ-ге ұқсас болса, не істеу керек?

– Көкжөтел – тыныс алу жолдарының белгілі бір бактериялар тудыратын жұқпалы ауруы. Көкжөтел қоздырғышы жөтел және түшкіру кезінде ауа тамшысы арқылы таралады. Ауруға адамдар кез келген жаста бейім, оның ішінде өмірдің алғашқы күндерінен бастап жоғары. Науқаспен байланыста болған адамның инфекция жұқтыру ықтималдығы 90%, ал көкжөтел инфекциясына туабітті иммунитет болмайды. Негізінен 1 айынан 6 айына дейін жоспарлы вакцинация алмаған балалар ауырады, бірақ көкжөтел ересектер арасында да кездеседі. Көкжөтел бірқатар ауыр асқыну тудыруы мүмкін. Көкжөтел әсіресе өмірдің алғашқы айларындағы балаларда ауыр өтеді: жөтелмен, тыныс алудың тоқтауымен, дірілмен, энцефалопатияның дамуымен жүреді. Көкжөтел отбасылық ошақтарда таралумен сипатталады. Инфекция көзі – алғашқы күндерінен бастап жұқтырған науқас адам. Көбінесе ата-аналар көкжөтелдің алғашқы белгілерін жеңіл суық тию деп қателеседі және ауырып жүрген бала басқа балалармен байланысын жалғастырады, осылайша жұқтыру қаупі артады. Егер отбасында жедел респираторлық вирустық инфекциялар белгілері және ұзақ жөтелі бар науқас болса, жасына байланысты вакциналанбаған балалармен байланысты шектеу қажет. Үй-жайда жуғыш заттар арқылы күнделікті дымқыл тазалау ұйымдастыру керек, содан кейін желдету керек.

– Көкжөтел сәбилер үшін неге қауіпті?

– Көкжөтел әсіресе өмірге жаңа келген сәбилердің алғашқы айларында өте қауіпті. Алдымен балада жалпы суықтың белгілері пайда болады, мысалы: мұрыннан су ағу, температураның көтерілуі, қалыпты жөтел. Бірте-бірте жөтел күшейіп, приступ тәріздес жөтелге айналады. Осы әлсірететін жөтел кезінде мидағы қан айналымының бұзылуы, оттегінің жетіспеуі пайда болады, салдарынан психиканың бұзылуы және түрлі дәрежедегі ақыл-ой кемістігі де пайда болуы мүмкін. Аса ауыр жағдайларда өлімге әкелу қаупі де орын алады.

– Көкжөтелдің осы қалыптасқан жағдайы немен байланысты?

– Вакцинопрофилактика адамның өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына, балалар өлімінің төмендеуіне ықпал етеді. Вакцинация жасына қарамастан адамдардың барлығына қажет. Қазір адамдардың көпшілігі балалық шағында бір рет жасалған көптеген вакцина өмір бойы қайталануы керек екенін білмейді. Екпені уақытылы алған адамдардың есебінен қоғамда ұжымдық иммунитет қалыптасады да, инфекцияның таралуына және эпидемияның пайда болуына тосқауыл болады. Көкжөтел мен қызылшаның эпидемиологиялық жағдайын талдау кезінде біз жас балалар арасында жоспарлы вакцинациядан бас тарту жайттарының өсуін байқаймыз. Халықты көкжөтелден қорғаудың және алдын алудың негізгі әдісі – вакцинопрофилактика. Көкжөтелге қарсы иммундау ҚР профилактикалық егулердің Ұлттық күнтізбесі шеңберінде жүргізіледі. Қазақстан Республикасында көкжөтелге қарсы вакцинация екі, үш, төрт айлық балаларға жасалатын үш екпеден және 18-айдағы ревакцинациядан тұрады. Сонымен қатар мектепке барар алдында 6 жасында көкжөтелге қарсы қосымша ревакцинация қарастырылған. Есіңізде болсын, вакцинация алмаған балалар, статистикаға сәйкес, екпе алған балаларға қарағанда әлдеқайда жиі ауырады және ауыр жағдайлар болады. Вакцинация көкжөтелді жұқтыру қаупін айтарлықтай азайтады, тіпті егер бала ауырып қалса да, ауру әлдеқайда жеңіл өтеді. Бүкіл әлемде вакцинация халықты жұқпалы аурулардың пайда болуы мен таралуынан қорғаудың ең тиімді құралдарының бірі саналады. Вакцинация бұрын ондаған мың бала мен ересектер зардап шеккен және өлген бірқатар ауруды азайтуға, кей жағдайда толығымен жоюға мүмкіндік берді. Қазақстан Республикасында жаппай иммундауды жүзеге асырудың арқасында соңғы жылдары бірқатар жұқпалы ауру тіркелген жоқ. Сондықтан вакцинациядан бас тартпаңыз, балаларыңызды инфекцияны жұқтыру қаупінен, оның ауыр асқынуларынан қорғаңыз.

– Соңғы жылдары вакцинациядан бас тарту жиілеп кеткенін естіп жатырмыз, бұл қандай қауіп төндіруі мүмкін?

– Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі келесі жұқпалы ауруларға қарсы егуді көздейді: туберкулез, В гепатиті, дифтерия, көкжөтел, сіреспе, полиомиелит, қызылша, эпидемиялық паротит, тұмау, гемофильді инфекция. Сонымен қатар эпидемиялық көрсеткіштер бойынша вакцинация алу да ұсынылады. Вакцинацияның уақытылы жүргізілмеуі көптеген жұқпалы аурудың өршуіне әкелуі мүмкін. Жоспарлы вакцинациядан өтпеген балалар уақыт өте келе әр түрлі вирустық және инфекциялық ауру жұқтыруы мүмкін. Балалар өздерінің жасына байланысты түрлі инфекцияға өте сезімтал, сондықтан әр ата-ана баласының болашағы туралы алдын ала ойланып, оны жұқпалы аурулардың ықтимал асқынуларынан қорғауы керек.

Құрметті ата-аналар! Егер профилактикалық екпенің қажеттілігіне күмәніңіз болса, бас тарту қағазына қол қоюға асықпаңыз. Жұқпалы аурудың қауіптілігі, вакцинация қажеттілігі, одан бас тартудың салдары туралы толық ақпарат жинаңыз. Профилактикалық екпенің арқасында көптеген аурудың алдын алуға болады, мысалы, өткен жылы жүргізілген қосымша жаппай иммундау туралы айтатын болсақ, облыс көлемінде 60 мыңнан астам бала қызылшаға қарсы екпе алды, ешбір асқыну тіркелген жоқ. Жұқпалы аурулардың алдын алудың жалғыз құралы вакцинация екенін ұмытпаңыздар! Балаңыздың денсаулығы сіздің қолыңызда!

– Юрий Леонидович, сұхбатыңыз үшін көп рақмет! Осы тақырыптардың жиі талқыланып, ел арасында таралуынан ата-аналар қандай да бір қорытынды шығарар, ой түйер деген ойдамыз. Бастысы, сәбилер аман болсын!

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»