Көктемгі тазалық науқаны қарқын алды

Қарағандыда көктемнің келуімен бірге дәстүрлі тазалық жұмыстары да қыза түсті. Қала тұрғындары, кәсіпорындар мен кәсіпкерлер сенбілікке белсенді қатысып, көшелерді, аулаларды және саябақтарды ретке келтіруге жұмылуда. Ауқымды науқанның мақсаты – өңірдің экологиялық жағдайын жақсартып, қаланың көркін келтіру.

Қар ерігеннен кейін өңірде санитарлық тазалықты қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді. Аулалар, саябақтар және жолдардың жиектасты бөліктерін ретке келтіруге ерекше көңіл бөлінуде. Қала көшелерін құм-тұз қоспасынан тазарту үшін 100 тоннадан астам материал қолданылып, ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді.

– Қарағанды облысының санитарлық тазалық жұмыстары күшейтілді. Қар ерігеннен кейін аулалар, саябақтар мен жол жиектерін тазарту жүйелі түрде жүргізілуде. Сонымен қатар көшелерден құм-тұз қоспасын шығару жұмыстарына да ерекше назар аударылып, тиісті техника мен материалдар толық жұмылдырылған. Бұл бағыттағы жұмыстардың қала мен елдімекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға тікелей әсер етеді, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс орталығында санитарлық тазалық жұмыстары қарқын алып, жолдар мен аялдама павильондары арнайы жуылып, тротуарлар, әйнек беттері және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдері мұқият тазартылды. Әрбір аумаққа жауапты нақты мердігер ұйымдар бекітіліп, жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда.

– Бұрын гүлдері бар сәндік элементтер көбіне қоршауларға орнатылып келсе, енді оларды жерге қойылатын вазон түріндегі конструкцияларға ауыстыру жоспарланып отыр. Мұндай шешім қала келбетіне неғұрлым көрнекі сипат беріп, абаттандыруда бірыңғай стиль қалыптастыруға мүмкіндік жасайды. Алғашқы партиясы келесі аптада жеткізіледі деп күтілуде, – дейді Қазыбек би ауданының әкімі Ералы Оспанов.

Әуежайға баратын тас жолдың бөлгіш жолағын көгалдандыру, жиектас бойына ағаш отырғызу және қала кіреберісін жасыл желекпен безендіру жұмыстары жоспарға енгізілді. Сонымен қатар сенбіліктер мен абаттандыру шаралары облыстың барлық қала-ауданында тұрақты түрде жалғасып келеді. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы бұл бастамалар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартып, тұрғындар үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталған.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»