Көктемгі селге дайынбыз ба?

Тасқын судан зардап шекпеу үшін. Қыс ызғары қайтпаса да, әкімдіктер мен коммуналдық қызметтер көктемгі селге дайындықты күшейтілген режимде жүргізіп жатыр. Қазір қандай шаралар атқарылуда және тұрғындарға қандай ескертулер жасалуда?

«Көктемге дейін аз уақыт қалды, сондықтан су тасқынына дайындық жұмыстарын күшейтіп жатырмыз», – деп жазды өзінің парақшасында қала әкімі Мейрам Кожухов. Оның пікірінше, су тасқынына дайындық жұмыстары өткен жылдың қараша айында басталған. Екі жыл бұрын салынған айналма канал – қардың күрт еруі кезінде кең даладан ағатын су массаларын бағыттаудың тиімді шешімі. Арна арқылы су Бұқпа өзенімен ағып, тұрғын үйлерге жақындамайды.

– Коммуналдық шаруашылық бөлімі бүгінгі таңда айналма канал бойынша 102 шақырымға созылған жұмыстарды атқарды. Бұл канал арқылы дала жақтан келетін суды тиімді реттеп, шамамен 75 миллион шаршы метр аумақты судан қорғау мүмкіндігі жасалды. Су аймақты оңтүстік-шығыс жағынан айналып өтеді. Бұрын негізгі су ағыны «Гүлдер-1» тұрғын алабына келіп құйылатын, алайда қазіргі таңда ол бағыт өзгертіліп, су енді бұл аймаққа кірмейді, – деп сендірді Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары Дәулет Маханов.

Жұмыстар Федоров су қоймасында да жүргізілуде, ал Соқыр өзенінің арнасында қамыстар тазартылуда. Шамамен 15 мың қапшық дайындалды. Жалпы, бүгінгі күнге дейін қала бойынша ашық және жабық түрдегі нөсерлік су жүйесінің 31 шақырымы тазартылып, қалпына келтірілді. Кеншілер даңғылында диаметрі 1 000 мм, ұзындығы 185 метр нөсерлік коллектор салынды, ал Университет көшесінде қосымша 263 метр нөсерлік жүйе орнатылды. Су басу қаупі жоғары жеке сектордағы қарды шығару жұмыстары басталды. Ерекше назар Нефтебаза, Михайловка тұрғын аудандарына, сондай-ақ Заводской, Берлин, Рабочий, Ескі Тихоновка және басқа да елді мекендерге бөлінуде. Бұл жерлерде үйлер жол деңгейінен төмен орналасқандықтан, су басу қаупі бар.

– Тұрғындарға, өтініш айтқым келеді. Егер арнайы техника жұмыс істеп жатқанын көрсеңіздер, қажетсіз заттарыңызды, қоқысты немесе басқа да қалдықтарды жолдың шетіне шығарып қойыңыздар. Біз оларды жинап, тазалап әкетуге дайынбыз. Бірақ аулаңызға немесе бақшаңызға кіріп, жинап алуымыз мүмкін емес. Сондықтан тек жол бойына шығарып қоюларыңызды сұраймыз. Бұл ортақ тазалық пен жайлылық үшін маңызды, – деп өтінді Қазыбек би атындағы аудан әкімі Ералы Оспанов.

Тұрғындарға ешқандай жазалау шаралары қолданылмайды, бірақ өз игіліктері мен көршілерінің амандығы үшін аулаларын қардан тазалап, оны жол жиегіне шығаруын сұрайды. Нөсерлік су ағатын жүйелерді қармен, әсіресе қоқыспен бітемеу маңызды. Биылғы болжам бойынша су тасқыны әдеттегіден екі апта бұрын басталады, сондықтан барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Су тасқыны кезеңінің сәтті өтуі біздің бірлескен әрекетімізге тікелей байланысты, дейді шенділер.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,                                     

«QH»