Көктемде су машақатын көрмеу үшін

Қарағандыда су тасқынына дайындық жұмыстары басталды. Қазіргі таңда траншеялар қазылып, арықтар салынуда. Су тасқыны қатерін азайту және оның салдарын болдырмау мақсатында су арналарын алдын ала дайындау жұмыстары жүргізілуде. Әкімдік өкілдері атқарылған жұмыстар мен алдыңғы жылдары жіберілген қателіктерді түзету шараларын қолға алды.

Қарағандылықтар көктемгі су тасқыны кезінде шаһардың қандай жағдайда болатынын жақсы біледі. Оған себеп былтырғы жылғы жертөлелер мен аулалар, жеке сектордағы үйлер мен кәріз жүйелерін су шаю жайты. Қыста қанша қар түсетінін және көктемнің қалай болатынын болжау мүмкін емес. Алайда, шенеуніктер қаладағы ең көп су жиналатын аймақтарды зерттеп, бақылауға алған.

– Приканальная мен яғни Сарыарқа мен Кеншілер даңғылының арасындағы нөсер ағар жүйелер салынуда. Ең үлкен суағар жүйесі судың іркіліп қалмауына мүмкіндік береді, – дейді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов.

Бұл жұмыстар негізгі коллектор су тасқынына төтеп бере алмаған жағдайда, резервтік коллекторды іске қосу үшін жасалуда. Себебі, бұл коллектор қала маңындағы солтүстік-шығыс айналма жолынан келетін суды қабылдайды. Сонымен қатар, «Университет» көшесінде орналасқан №78 үй маңында жаңбыр суын ағызу жүйесі орнатылуда. Мұнда диаметрі 1000 мм болатын 263 метрлік құбыр төселіп жатыр. Бұл резервтік құбыр судың кедергісіз өтуін қамтамасыз етеді.

– Сонымен қатар, Аманжолов, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы нөсер жүйелері тазаланды. Биыл жұмыстар әлі де жалғасуда. 263 метр нөсер жүйесі салынуда, – деп қосты Рүстем Қожақапанов.

Сондай-ақ, «Тәттімбет» көшесі жақтан күн жылыған кезде келетін суды бұру мақсатында далалық жерден айналма арықтың құрылысы жүргізілуде. Бұл арық «Таугүл» ықшамауданының сыртынан өтіп, Жартастық каналына апарады, осылайша суды келісімен бірден бұрып жібереді. Жұмыстың 80%-ы аяқталды, жыл соңына дейін толық бітуі жоспарлануда.

– Жалпы су тасқынына дайындық барысы, жоспар бойынша өтуде. Биыл су тасқынының алдын алу жоспарға байланысты штаттық режимде өтеді деп жоспарлаудамыз, – дейді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,                                     

«QH»