«Көктем 2025» оқу-жаттығуы
Қарағандыда Федоров су қоймасы маңындағы саяжай массивінің тұрғындары эвакуацияланды. Олар үшін академик Е.А.Бөкетов атындағы университет базасында жылыту пункттері ұйымдастырылды. Су тасқынына мамандар дайындығы «Көктем-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында көрсетілді.
Қарағанды облысында су тасқынының алдын алу құтқару операцияларының күштері мен құралдарының дайындығы тексерілді. Оқу-жаттығулар Федоров су қоймасы маңында өтті.
– Өткен жылы саяжай учаскелерін су басу қаупі болды, сондықтан Федоров су қоймасы жанындағы орынды таңдадық. Оқу-жаттығулар – қосымша тексеру мүмкіндігі. Су тасқыны кезеңінде жұмыс істеу үшін барлық күш пен құралдарымыз бар: 4 125 адам жеке құрам, 1 701 техника, оның ішінде 62 жүзу құралы, 307 су сорғы және 60 жоғары өтімді машина, – дейді Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлардың басшысының орынбасары Роллан Есмағанбетов.
Екі күн бойы «Көктем-2025» аясында облыс бойынша төтенше жағдайларды жою, адамдарды эвакуациялау бойынша 40-тан астам тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өткізілді. Федоров су қоймасы жағасында азаматтық қорғау қызметтерінің техникасы мен жабдықтарының көрмесі өтті. Хабарлау жүйесі, халықты уақытша орналастыру пункттерінің дайындығы тексерілді.
– Барлық құрылымның дайындығын қарап жатырмыз: байланыс, адамдар, арнайы техника. Басқа қала және аудандармен нақты уақыт режимінде әртүрлі жағдайларды, күштер мен құралдардың өзара әрекетін пысықтайтын боламыз. Тәжірибе көрсеткендей, шешімдерді тез қабылдау қажет, сондықтан мұндай оқу-жаттығулар қажет, – деп атап өтті өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Синоптиктердің мәліметі бойынша, биыл 15 наурыздан бастап күн жылиды. Төтенше жағдайлар қызметі қазірдің өзінде Соқыр өзені арнасын қамыстан, шөптен және бұталардан арықтарды тазартуға кірісті.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»