Көкейкесті мәселелер көтерілді

Қала әкімі Мейрам Кожухов Қазыбек би ауданын жұмыс сапарымен аралап шықты. Жұмыс сапары барысында қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты бірқатар өзекті мәселе көтеріліп, оның шешілу жолдары талқыланды. Атап айтқанда, автокөлік жолдары сапасының төмендеуі, қоқыстың уақытылы шығарылмауы басты тақырыпқа айналды. Толығырақ тарқатсақ…

Дәл қазір қала тұрғындарын алаңдатқан басты мәселе – жол сапасы. Қар кеткелі, жолда ұңқыр-шұңқыр көбейіп, көлік қатынасы қиындаған еді. Әсіресе Дүйсембеков көшесінен Гончарный көшесіне дейінгі аралық мүлдем жарамсыз болып қалды.

– Әлеуметтік желіде қала тұрғындарынан көптеген шағым түсіп жатыр. Оның ішінде Дүйсембеков көшесінен Гончарный көшесіне дейінгі аралық та бар. Көлік қозғалысының қауіпсіздігі үшін қазір мұнда уақытша жөндеу жүргізіліп жатыр. Биыл бұл аралықта орташа жөндеу жасалып, асфальты ауыстырылады. Қазір мердігер компания анықталуда. Құжат мәселесі шешілген соң, мамыр айының соңына қарай жөндеу жұмыстары басталады, – деді қала әкімі.

Келесі кезекте қоқыс жайы қозғалды. Иә, қоқыс жайының да көктемде елді әбігерге салып қоятыны бар. Қыстай қалың қарға көміліп жатқан қалдықтар күн жылығанда бәйшешектей әр жерден қылаң бере бастады.

– Қаланы барынша тез арада қоқыстан тазартуға күш саламыз. Сондай-ақ жақында көше тазалығына жауапты қызметкерлердің қоқыс жәшіктерін қолмен тазалап жүргені туралы ақпаратты көзім шалып қалды. Бұлай болмайды ғой. Сондықтан тез арада алынбалы-салынбалы шелектері бар жаңа қоқыс жәшіктерін сатып алуға тырысамыз. Бұл – көше санитарларын қоқысты қолмен тазарту машақатынан құтқарады, – деп атап өтті Мейрам Кожухов.

Қала көшелерінде көрінген жерге жабыстырылған жарнамалардың жайы да назардан тыс қалмады.

– Біздің мердігерлер аялдамалардағы жарнамалардың мәселесімен жиі ұшырасады. Шама келгенше рұқсат етілмеген орындарға ілінген хабарландыруларды алып тастап отырмыз. Бірақ түрлі афиша мен жарнамаларды жабыстырушы азаматтар оңайлықпен жуылмайтын желім қолдануға көшкен. Жақын арада жарнаманы көрінген жерге жабыстыруға болмайтыны туралы хабарландыру береміз. Осыдан соң полициямен бірге қатаң шара қабылдаймыз. Қазір барлық жерге, әсіресе жылы аялдамаларға бейнебақылау камералары орнатылған, – деді қала басшысы.

Мейрам Кожухов жұмыс сапары аясында Тәттімбет көшесі бойындағы айналмалы каналдар ахуалымен де танысып қайтты. Көктемде қар суы бұл ауданның тұрғындарын әбден әбігерге салып қоятын еді. Қала басшысы орынбасарларына су жиналатын орындарды анықтауды және келешекте сол жерлерге суағарлар салуды жоспарлауды тапсырды. Қажет болған жағдайда су көп жиналатын ойпаңдардың асфальты қалыңдатылмақ.

Арман ӘБІЛҚАСЫМ,

«QH»