Күйге бастар қадам
Қарағанды қаласында жас ұрпақты ұлттық өнерге баулуға бағытталған жаңа жоба іске қосылды. Қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Күйге бастар қадам» домбыра үйрету алаңы жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді өткізуге және олардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Ашық аспан астында өтетін сабақтарда балалар домбыра тартудың бастапқы дағдыларын меңгеріп, қазақтың күй өнерімен жақынырақ танысады.
Ұлттық өнерді насихаттауға арналған жоба Қарағанды қаласының Орталық саябағында жүзеге асырылуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты – балалардың шығармашылық қабілетін дамыту ғана емес, сонымен қатар олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру.
«Мәдениет және демалыс басқармасы» КМҚК бос уақытты ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Айым Асанованың айтуынша, жоба жазғы демалыс кезінде балалардың уақытын пайдалы ұйымдастыру қажеттілігінен туындаған.
– «Күйге бастар қадам» жобасы Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Оның басты мақсаты – балалардың домбыраға деген қызығушылығын арттырып, ұлттық өнерімізді дәріптеу және қазақтың күй өнеріне алғашқы қадам жасауына мүмкіндік беру. Сабақтардың тегін ұйымдастырылуы әрбір баланың ұлттық мұрамызбен жақынырақ танысуына және шығармашылық қабілетін дамытуына жағдай жасауға бағытталған», – дейді ол.
Жоба аясында балаларға тек домбыра тарту үйретіліп қана қоймайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлттық өнер арқылы өскелең ұрпақтың бойында мәдени мұраға деген құрмет, еңбекқорлық, жауапкершілік пен табандылық қасиеттерін қалыптастыру көзделген.
– «Домбыра – халқымыздың рухани қазынасы мен ұлттық болмысының айқын белгісі. Біз балалардың туған мәдениетіне деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеуді мақсат етіп отырмыз», – дейді Айым Исақызы.
Сабақ бағдарламасы қатысушылардың жас ерекшелігі мен дайындық деңгейіне қарай әзірленген. Алғашқы кезеңде балалар домбыраны дұрыс ұстауды, қағыс түрлерін және қарапайым күйлерді үйренеді. Кейін орындаушылық шеберліктерін жетілдіріп, бірнеше халық күйін өз бетінше орындауға машықтанады. Жобаға қатысу үшін арнайы музыкалық білімнің болуы талап етілмейді. Домбыраны алғаш рет қолға алған балалар да сабақтарға еркін қатыса алады. Ұйымдастырушылар оқыту бағдарламасының жаңадан бастаушыларға да, белгілі бір тәжірибесі бар балаларға да қолайлы етіп жасалғанын атап өтті.
Сабақтарды көп жылдық тәжірибесі бар ұстаз, домбыра пәнінің оқытушысы әрі «Асыл мұра» ансамблінің жетекшісі Омарова Жазира Баймағанбетқызы жүргізеді. Оның оқыту әдістемесі әр баланың қабілеті мен қарқынын ескере отырып, қарапайымнан күрделіге қарай кезең-кезеңімен құрылған. Қазіргі таңда балалардың ұлттық өнерге деген қызығушылығы артып келеді. Әсіресе жазғы демалыс кезінде уақытын тиімді пайдалануға ұмтылатын балалардың саны көбейген.
– «Бұл – ұлттық мұраға деген қызығушылықтың сақталып қана қоймай, жаңа буын арасында қайта жаңғырып келе жатқанының жақсы көрсеткіші. Егер жобаға сұраныс жоғары болып, мүмкіндік жасалса, алдағы уақытта оны қаланың басқа аудандарында да ұйымдастыру мәселесін қарастыру жоспарланып отыр», – дейді Айым Исақызы.
Домбыра үйрену баланың музыкалық қабілетін дамытып қана қоймай, оның ұлттық тарих пен мәдениетті тереңірек тануына ықпал етеді. Сондықтан ұйымдастырушылар ата-аналарды балаларын осындай игі бастамаларға белсенді қатыстыруға шақырады.
«Күйге бастар қадам» жобасы – жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын оятып, қазақтың күй өнерін кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Ұлттық мұраны дәріптеу арқылы өскелең ұрпақтың рухани дүниесін байытуға бағытталған бұл жоба алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенім мол.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

