Күй-тұмар

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қасым Аманжоловтың 110 жылдығы қарсаңында «Күй-тұмар» күйшілер сайысы өтті.

Қасым Аманжолов атындағы өнер мектебінің негізін қалаған талантты ұстаз, домбырашы, марқұм Көшербаев Имангелді Түсіпұлының 70 жылдық мерейтойына арналған «Күй-тұмар» байқауының жабылу салтанаты Қарағанды облысының Достық үйінде өтті.

Аталған іс-шара Қарағанды облысындағы «Сарыарқа дарыны» ғылыми-практикалық орталығы мен Қасым Аманжолов атындағы балалар музыка мектебінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.

– Күй додасының басты мақсаты – төл өнерімізді дамытуға зор үлес қосқан, халқына адал қызмет еткен ұстаз рухына тағзым ете отырып, оның өнегелі ісін ұрпақтарға үлгі ету, күй өнеріне ден қойған талантты балаларға қолдау көрсету, кәсіби бағдар беру, оқытушылардың педагогикалық шеберліктерін насихаттау, – дейді ұйымдастырушылар.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ тіліндегі ұлттық музыка мектебінің негізін қалауға және мектептің ақиық ақын Қасым Аманжоловтың атын иеленуіне бірден-бір үлес қосқан тұлға, мектептің тұңғыш директоры, жоғары деңгейдегі лауреаттар мен ізбасар шәкірттер дайындап қырық жылдан аса ұстаздық еткен, артына өнегелі із қалдырған ұлағатты ұстаз – Көшербаев Имангелді Түсіпұлының мерейтойына арналған «Күй-тұмар» атаулы байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды.

Сайысқа облыс бойынша жүзге тарта жас күйші қатысты. Аталмыш сайыста 7-9 жас аралығындағы күйшілер арасында Ә.Ермеков атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Бағлан Уәли үздік деп танылып, Гран-при иегері атанды.

Жеңімпаздарға сыйылықтар мен алғысхаттарды Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры, домбыра өнері және дәстүрлі музыка зерттеушісі Айтжан Тоқтаған және Қарағанды қаласының №2 балалар музыка мектебі – ЮНЕСКО клубының директоры, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері Марат Мажитов табыстады.