Күй – халықтың қазынасы

Астанада қазақтың дәстүрлі музыкалық өнерін насихаттау, ұлттық мұраны сақтау және жас ұрпаққа рухани тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған «Күй күмбірі» республикалық акциясының үздік қатысушылары марапатталды. Ауқымды шара барысында еліміздің әр өңірінен келген педагогтерге құрмет көрсетіліп, ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлестері жоғары бағаланды.

Жалпы республика бойынша 80 педагог арнайы марапатқа ие болды. Олар қазақтың күй өнерін дәріптеп, балалар мен жасөспірімдерді ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге сүбелі үлес қосқан ұстаздар қатарынан таңдалды.

Қарағанды облысынан 12 педагог марапат төрінен көрінді. Олардың екеуіне арнайы төсбелгі табысталса, қалғандары Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы мен Алғысхаттарына ие болды. Бұл өңірдегі өнер және білім саласы мамандарының еңбегіне берілген жоғары баға ретінде қабылданды. Марапат иелерінің қатарында Балқаш қалалық балалар өнер мектебінің директоры Гүлжихан Жексембекова бар. Ол Мемлекет басшысының Алғысымен марапатталды. Сонымен қатар аталған мектептің домбыра сыныбының педагогі Айжан Нұрбекова Алғыс хатқа ие болды.

Салтанатты рәсімде марапаттарды Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова табыстады. Шара барысында ұлттық өнерді дамыту жолында еңбек етіп жүрген ұстаздардың жұмысына ерекше тоқталып, олардың жас буынды тәрбиелеудегі рөлінің маңызын атап өтті.

Балқаш қалалық балалар өнер мектебінің директоры Гүлжихан Жексембекова бұл марапаттың маңызы зор екенін жеткізді.

–Бұл марапат біздің ұжым үшін де, өзім үшін де үлкен қуаныш болды. Президенттің Алғысын алу зор мәртебе, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Ең алдымен, бүкіл мектебіміздің ортақ еңбегінің нәтижесі. Ұлттық өнер дәстүрлерін сақтап, балаларды домбыраға баулудағы еңбегіміздің мемлекеттік деңгейде бағалануы бізді шынайы қуантады. Бұл алдағы жұмысты жалғастыруға берілген үлкен мотивация деп білемін. Біз халқымыздың мәдени мұрасын жас балқаштықтардың жүрегінде сақтап қалу үшін алдағы уақытта да еңбек ете береміз, – деді ол.

«Күй күмбірі» акциясы соңғы жылдары елімізде кең қолдау тапқан мәдени бастамалардың біріне айналды. Жоба аясында мектептерде, өнер ұйымдарында және қосымша білім беру мекемелерінде мыңдаған оқушы бір мезетте күй орындап, ұлттық музыкалық мұраға деген құрметін білдіреді. Бұл бастама жас буынның домбыраға қызығушылығын арттырып, қазақтың күйшілік мектебін жаңа деңгейде танытуға ықпал етуде.

Мамандардың айтуынша, күй өнері тек музыкалық мұра ғана емес, халқымыздың тарихы мен дүниетанымын жеткізетін ерекше рухани құндылық. Әр күйдің астарында ел тағдыры, заман шындығы, халықтың қуанышы мен қайғысы жатыр. Сондықтан оны жас ұрпаққа үйрету ұлттық жадыны сақтау деген сөз.

Бүгінде Қарағанды облысында балалар өнер мектептері мен мәдениет ұйымдарында домбыра сыныптарына қызығушылық артып келеді. Өңірде жүздеген бала күй үйреніп, түрлі байқау мен фестивальдерге қатысып жүр. Бұл бағыттағы табыстардың артында білікті педагогтердің күнделікті еңбегі тұр.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай республикалық акциялар ұстаздардың беделін көтеріп қана қоймай, балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға да жол ашады. Сонымен қатар ұлттық өнерді меңгерген ұрпақтың тарихи санасы мен отансүйгіштік рухы да жоғары болады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»