Көңілді тапқырлар сынға түсті

Республика күнін мерекелеу аясында Достық үйінде жастар арасында кең тараған Көңілді тапқырлар клубының ойыны өтті. Қала әкімінің кубогы сарапқа салынған сайысқа 10 команда қатысты. Олардың қатарында қарағандылықтардан бөлек Павлодар, Теміртау қалалары мен Ерейментаудан келген әзілкештер де бар.

Мойындау керек, қазіргі таңда елімізде жастар қозғалысының ең танымалы – «Жайдарман» ойындары. Жастар «Жайдарманға» қатыса жүріп сахнада өзін ұстауды, көп алдында сөз алып, әдемі әзіл айтуды үйренеді. Сондай-ақ халық көкейіндегі күрделі мәселені өткір әзілмен, ащы мысқылмен діттеген жеріне жеткізіп көптің алғысына кенеліп жүргені де жасырын емес.

Сайысқа келген командалар сахна төрінде өз өнерлерімен, үйлесімді әзілдерімен көрерменге күлкі сыйлап, қалың көпшіліктің қошеметіне бөленді. Олардың ойынын бағалаған қазылар алқасының шешімімен келесі командалар жүлделі орындарға ие болды:

1-орын – Павлодар облысының құрамасы;

2-орын – Қ.Сәтбаев атындағы гимназияның «Очень странные дела» құрамасы;

3-орын – Теміртау қаласының құрамасы.

Бұдан бөлек Станислав Климантов, Нұрсұлтан Қабдуллин және Рустам Әбілдин «Үздік ойыншы» аталымы бойынша марапатталды.

Өз тілшімізден