Көгілдір отынға қолжетімділік кеңейіп келеді

Қарағандыда тұрғын үйлерді табиғи газға қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Кирзавод пен Үлкен Михайловка аудандарындағы тағы 1 800-ге жуық жер үй газ желісіне қосылуға мүмкіндік алды. Бұл – төртінші іске қосу кешенінің пайдалануға берілуінің нәтижесі. Осылайша қаладағы газдандыру ауқымы кеңейіп, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға мүмкіндік артып келеді.

Көгілдір отынды көптен күткен тұрғындардың бірі – Брюллов көшесінің тұрғыны Людмила Тарасова. Жасы сексенге таяған кейіпкер үшін табиғи газдың келуі, ең алдымен, күнделікті ауыр жұмыстан арылудың жолы болды. Бұған дейін үйді жылыту үшін күн сайын бірнеше шелек көмір тасып, пеш жағып келген.

«Газ құбырын өте ұқыпты жүргізіп берді. Маған қатты ұнады. Кезінде мұнда пеш болатын, күніне 10 шелек көмір тасудан шаршайтын едім. Үйіміз үлкен болғандықтан, оны жылыту оңай емес. Көмірқора алыста, алдымен қарды күреп жол ашасың, содан кейін барып көмір тасисың. Газ келеді дегенде қатты толқыдық. Жасым болса 80-ге таяп қалды. Енді, шүкір, қартайғанда осының рахатын көретін болдым», – дейді қала тұрғыны Людмила Тарасова.

Ол табиғи газға қосылу үшін шамамен 800 мың теңге жұмсаған. Енді отын дайындау, көмір тасу, күл шығару секілді күнделікті машақат артта қалды. Оның айтуынша, көгілдір отынның басты артықшылығы – тұрмысты жеңілдетіп қана қоймай, үйді жылыту үдерісін әлдеқайда қолайлы етуінде.

Табиғи газ Товарная, Новолитейная, Қарабас, Береке, Хозяйственная, Вагонная, Учебная, Минеральная, Кузнечный бұрылысы және Тропическая көшелеріне де жеткізілді. Нәтижесінде Кирзавод пен Үлкен Михайловка аумағындағы 1 800-ге жуық жер үй газ желісіне қосылуға мүмкіндік алды.

Төртінші іске қосу кешенінің құрылысы 2025 жылдың желтоқсанында аяқталып, нысан «QazaqGaz Aimaq» компаниясына пайдалануға берілген. Алайда бастапқы кезеңде тұрғындар тарапынан техникалық шарт алуға берілген өтінімдер саны жеткіліксіз болған.

«2025 жылдың желтоқсанында төртінші іске қосу кешенінің құрылысын аяқтап, актіге қол қойдық та, нысанды «QazaqGaz Aimaq»-қа тапсырдық. Бастапқыда бұл кешен бойынша тұтынушылардан түскен техникалық шарт саны өте аз болды. Газды желіге қосу үшін гидравликалық талапқа сай белгілі бір мөлшерде өтінім жиналуы тиіс. Содан кейін ғана желіні іске қосу мүмкін болады. Қазір қажетті өтінімдер жиналып, газ беру жұмыстары басталды», – деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.

Бүгінде тұрғындардан 360 техникалық шартқа өтінім түскен. Қала мамандары құжаттарды рәсімдеу кезінде талаптарды мұқият сақтауға шақырады. Тұрғындар үшін тағы бір маңызды мүмкіндік – техникалық шартты алу қызметінің тегін болуы. Шілде айынан бастап заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұл қызметке eGov арқылы онлайн өтініш беруге болады.

Газ желісіне қосылу кезінде тұрғындар мердігер ұйымды таңдауға да жауапкершілікпен қарауы қажет. Қарағандыда ішкі монтаждау жұмыстарын жүргізетін 80-ге жуық жеке компания бар. Үй ішіндегі газ жабдықтарын орнататын ұйымның тиісті лицензиясы болуы міндетті.

«Қарағандыда ішкі монтаждау жұмыстарымен айналысатын 80-ге жуық жеке компания бар. Тұтынушылар алдымен солармен келісімшарт жасасып, жұмыс мерзімі созылып кетпеуі үшін шарттың әр тармағын мұқият тексеруі тиіс. Ал біз беретін техникалық шарт мүлде тегін. Шілде айынан бастап заңнамаға өзгеріс енгізілді, енді бұл қызметті eGov арқылы онлайн тапсыруға болады», – деді «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік филиалы бас инженерінің міндетін атқарушы Ділдабек Күлтеміров.

Мамандар газ жабдығын орнатуда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңызын да ескертеді. Газ қондырғылары орналасқан бөлмеде терезе, жасанды жарық, желдету жүйесі болуы тиіс. Сонымен қатар газдың таралуын анықтайтын арнайы дабыл қаққыш орнатылуы қажет. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес бөлме есігі сыртқа қарай ашылуы керек. Тұрғындар газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету туралы келісімшарт жасауды да ұмытпағаны жөн.

«Газ жабдығы орнатылатын бөлмеде табиғи жарық, яғни терезе болуы тиіс. Жасанды жарық та қарастырылуы керек. Сонымен қатар желдету каналы мен газ ағып кетуін ескертетін дабыл қаққыш орнатылуы міндетті. Қауіпсіздік үшін бөлменің есігі сыртқа қарай ашылуы қажет. Тұтынушылар газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету туралы келісімшартты да ұмытпағаны жөн. Мұның бәрі заңда қарастырылған. Ал есептегіш көрсеткішін дәл жіберу үшін арнайы мобильді қосымша да әзірледік», – деді Ділдабек Күлтеміров.

Қарағандыда газдандырудың төрт кезеңі бойынша барлығы 16 іске қосу кешенін іске қосу жоспарланған. Бүгінде олардың бесеуі пайдалануға берілді. Келесі кезекте алтыншы іске қосу кешені тұр. Оның аясында Таугүл мен Күнгей шағын аудандарындағы тұрғын үйлерді қазан айында газға қосу жоспарланып отыр. Ал жетінші кешен Федоровка аумағы мен Бөкетов университеті маңындағы жер үйлерді қамтиды. Бұл бағыттағы жұмыстарды 2027 жылға қарай аяқтау көзделген.

Газдандыру жұмыстарының келесі кезеңдері де нақты жоспарланған. Екінші кезеңде Пришахтинск аумағын толық газға қосу, үшінші кезеңде Майқұдықты қамту, төртінші кезеңде Сұрыптау ауданына табиғи газ жеткізу көзделіп отыр.

«Қыста жылусыз қалмас үшін тұрғындарға баламалы пештерді бірден бұзып тастамауды жиі ескертемін. Газ жүйесі толық іске қосылып, қауіпсіздігі тексерілгенге дейін қосымша жылыту мүмкіндігі болғаны дұрыс. Ал жоспарға келсек, екінші кезеңде Пришахтинск толық газға қосылады, үшінші кезең Майқұдыққа тиесілі, ал төртінші кезеңде Сұрыптау ауданы қамтылады», – деді Мұрат Камалиев.

Қазір тұрмыстық тұтынушылар үшін табиғи газдың бір текше метрі 55 теңгені құрайды. Былтыр бұл көрсеткіш 42 теңге болған. Бағаның өзгеруіне қарамастан, табиғи газға көшу тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, көмір жағуға байланысты шығын мен еңбекті азайтуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, көмір жағудан бас тарту қоршаған ортаға түсетін зиянды азайтуға ықпал етеді.

Қарағандыда газдандырудың жалғасуы – тек инженерлік инфрақұрылымды жаңарту емес, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба. Алдағы жылдары жаңа аудандар мен шағын елді мекендердің көгілдір отынға қосылуы тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға да әсер етпек.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»