«ӘЙЕЛ ЖӘНЕ БИЗНЕС» форумы

Қарағандыда әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған «ӘЙЕЛ ЖӘНЕ БИЗНЕС» форумы өтті. Ауқымды шараға 300-ден астам кәсіпкер, сарапшы, қаржы ұйымдарының өкілдері мен бизнесті қолдау институттарының мамандары қатысты. Форум барысында қатысушылар кәсіпкерліктің қазіргі бағыттары мен алдағы жылдарға арналған негізгі трендтерді талқылады.

Жиында әйелдер кәсіпкерлігінің экономикадағы рөлі, цифрлық трансформация, жасанды интеллект технологияларын енгізу, мемлекеттік қолдау тетіктері және шағын бизнестің даму мүмкіндіктері кеңінен сөз болды.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігі комитетінің төрайымы Лейла Күленова әйелдер бизнесінің ел экономикасындағы үлесі артып келе жатқанын атап өтті.

– Бүгінде әйелдер кәсіпкерлігі экономиканың толыққанды бір бөлігіне айналды. Осындай форумдар кәсіпкерлерге тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестер табуға және заманауи бизнес құралдарымен танысуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Форум Достық үйінде ұйымдастырылып, шараға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, кәсіпкерлік басқармасының және Еңбек мобильділігі орталығының өкілдері қатысты. Сарапшылар кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалар жөнінде баяндап, жеңілдетілген несие беру, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, қайтарымсыз гранттар мен жұмыспен қамту бағытындағы қолдау шаралары туралы ақпарат берді.

Форум барысында кәсіп ашқысы келетін әйелдерге берілетін 5 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар, кәсіпкерлерге арналған оқыту бағдарламалары және бизнес жүргізудің жаңа мүмкіндіктері түсіндірілді.

Шара аясында заманауи технологияларға арналған арнайы бөлім ұйымдастырылды. Онда сарапшылар маркетинг саласындағы өзгерістерге, тұтынушылармен жұмысты жекелендіру тәсілдеріне және жасанды интеллект мүмкіндіктеріне тоқталды.

Қазіргі таңда шағын және орта бизнес саласында цифрлық технологияларды енгізу маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Әсіресе AI-агенттерді пайдалану арқылы клиенттермен байланысты автоматтандыру, жарнама тиімділігін арттыру және бизнес үдерістерін оңтайландыруға мүмкіндік көбейген. Форумда өңірдегі табысты кәсіпкер әйелдердің тәжірибесі де таныстырылды. Қатысушылар өздерінің кәсіп бастау жолындағы қиындықтары мен жетістіктері туралы айтып, бизнес жүргізудің тиімді тәсілдерімен бөлісті.

Олардың қатарында жекеменшік балабақша ашқан кәсіпкерлер, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері, сондай-ақ халықаралық нарыққа шығып жатқан қазақстандық бренд иелері болды.

Кәсіпкерлердің айтуынша, соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары бизнесті дамытуға жаңа мүмкіндік берген. Әсіресе гранттар мен жеңілдетілген несиелер шағын кәсіп иелерінің жұмысын кеңейтуге оң әсерін тигізген.

Форум барысында қатысушылар өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігінің даму қарқынына да тоқталды. Бүгінде Қарағанды облысында түрлі салада еңбек етіп жүрген әйел кәсіпкерлер саны артып келеді. Олар білім беру, қызмет көрсету, өндіріс, ауыл шаруашылығы, сауда және IT бағыттарында табысты жұмыс істеп отыр.

Мұндай форумдар кәсіпкер әйелдердің кәсіби байланысын нығайтып қана қоймай, олардың жаңа экономикалық өзгерістерге бейімделуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әйелдер бизнесінің дамуы өңір экономикасының тұрақтылығына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етеді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»